Kyzylorda-news.kz Қызылордада «Сыр даласында – көне есімдердің сыры» атты тарихи-танымдық ғылыми экспедицияның зерттеу тобымен кездесу өтті.

Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында Қазақстан ономаст ғалымдарының қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Сыр даласында – көне есімдердің сыры» атты тарихи-танымдық ғылыми экспедиция аясында ғылыми кездесу ұйымдастырылды.

​Жиынға экспедиция мүшелері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, тіл жанашырлары, сондай-ақ қала әкімдігіне қарасты кент және ауылдық округ әкімдері, тиісті мекемелердің басшылары мен ономастика мәселелеріне жауапты мамандар қатысты.

​Кездесудің негізгі мақсаты – өңірдің тарихи жер-су атауларын ғылыми тұрғыдан зерделеу, тарихи топонимиялық мұраны сақтау және ғылыми айналымға енгізу бағытындағы жұмыстарды талқылау, сондай-ақ ғылыми қауымдастық пен жергілікті мамандар арасында тәжірибе алмасу болды.

​Іс-шара барысында Қазақстан ономаст ғалымдарының қоғамдық бірлестігінің басшысы, жоба жетекшісі, Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнар Шияпқызы Бекенова экспедицияның мақсаты мен негізгі бағыттары туралы баяндама жасап, Сыр өңірінде жүргізілген далалық зерттеулердің алғашқы нәтижелерімен бөлісті.

​Экспедиция мүшесі, география ғылымдарының PhD докторы Нұрлыбек Бердібекұлы Зинабдин өңірдің тарихи жер-су атауларын зерттеудің ғылыми маңызы мен оларды картаға түсіру, жүйелеу бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндады.

Еркін пікір алмасу барысында қатысушылар тарихи жер-су атауларын сақтау, жүйелеу, ғылыми айналымға енгізу, тарихи атауларды цифрландыру және ономастикалық зерттеулерді одан әрі дамыту мәселелері бойынша өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.

​Айта кетейік, «Сыр даласында – көне есімдердің сыры» тарихи-танымдық ғылыми экспедициясы 2026 жылғы 19–26 шілде аралығында Қызылорда облысында өткізілуде. Экспедицияның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының ономастикалық кеңістігін тарихи-диахрондық әдіс негізінде кешенді зерттеу, тарихи жер-су атауларын ғылыми тұрғыдан жүйелеу, ғылыми айналымға енгізу және ономастикалық қызметті заманауи ғылыми тәсілдер негізінде жетілдіруге үлес қосу.

Тағы да оқыңыз: