Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Абай атындағы мектеп базасында су ресурстарын үнемдеу мен басқару тақырыбына арналған ауқымды өңірлік дебат турнирінің финалдық кезеңі өтті. Іріктеу кезеңінен өткен 10 үздік команда жеңіс үшін бақ сынады.

Іріктеу кезеңі сәуір айының басында басталып, өңірдегі 55 мектепті қамтыды. Жарыстар 10 пилоттық білім беру ұйымының базасында өтіп, қатысушыларға пікір алмасуға және экологиялық мәселелерді терең талдауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде финалға тек шешендік шеберлігімен ғана емес, су шаруашылығының ерекшеліктерін жақсы меңгерген 10 команда жолдама алды.

Турнирдің басты мақсаты – суды Қазақстан үшін стратегиялық ресурс ретінде түсінетін саналы көзқарасты қалыптастыру және жастардың экологиялық ойлауын дамыту. Жоба «Адал азамат: табиғатты аялау және суға құрмет» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Аталған бастама Қазақстан мен Өзбекстандағы (Арал теңізі бассейні) балалар мен жастар арасында су ресурстарын ұқыпты пайдалануға тәрбиелеуге бағытталған «Су және білім» жобасының бір бөлігі болып табылады. 

Жоба ЮНИСЕФ, Француз дамыту агенттігі, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ, халықаралық Аралды құтқару атқарушы комитетімен ынтымақтастықта жүзеге асырылуда.

Іс-шара елдің экологиялық қауіпсіздігіне нақты шешімдер ұсына алатын жауапты ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған. Финалға шыққан қатысушылар келесі маңызды тақырыптар бойынша өз ұстанымдарын қорғады:
● Азаматтық жауапкершілік пе, әлде мемлекеттік бақылау ма: су үнемдеу әр азаматтың міндеті ме, әлде тек билік органдарының құзыретіне жата ма?
● АӨК және өнімділік: су үнемдеу ауыл шаруашылығы тиімділігін арттырудың негізгі тетігі бола ала ма?
● Инновациялар: «сұр су» (grey water) технологияларын тұрмыста және өндірісте қолдану қаншалықты экологиялық тұрғыдан тиімді?
● Өңірлік даму: су ресурстарын ұтымды пайдалану экономикалық өсім мен тұрақтылыққа қалай әсер етеді?

В Кызылорде прошел финал регионального дебатного турнира по вопросам водосбережения.jpg

Тағы да оқыңыз: