Kyzylorda-news.kz. «Жас келсе іске» дейді қазақ. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, қызылордалық кәсіпкерлер 2019 жылы Кәсіпкерлер палатасынан 1021 экспорттық сертификат алған болса, 2020 жылы 1377, 2021 жылы 1823 құжатқа жетті. Былтырғы деректерге сүйенсек, өсім бар – көрсеткіш 1829-ға жетті. Яғни, соңғы жылдары сұраныстың артқанын көруге болады. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының басшысы Пірмұхаммед Сыздықов «көрсеткіштің өсуі соңғы жылда нарықта эскпортқа өнім шығаратын жаңа кәсіпкерлердің пайда болуынан» деп түсіндірді.
«Біздің өңірден жиі эскпортталатын өнімдер – балық пен күріш. Бұдан өзге, мұнай өнімдері, цемент, кварц құмы, сондай-ақ өткен жылдың соңынан бері шыны өнімдері экспортталып жатыр. Шыны зауытынан шығып жатқан өнімдердің алғашқы легі Өзбекстан, Тәжікстан, Ресейге жіберілді», – дейді Пірмұхаммед Сыздықов.
Арал мен Қазалының балық өнімдері тауарға жоғары талап қоятын Франция мен Қытай елдеріне де экспортталып жатыр. «Балық өнімдерімен Қытай нарығына шығып жатқан кәсіпкерлеріміздің еңбегі ерекше. Себебі онда талап өте жоғары», – деді Палата басшысы.
Өткен жылы Қызылорда облысынан өндірілген өнімдер Украина, Тәжікстан, Грузия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Түркия, Мальта, Франция, Данияға экспортталған. Бұдан бөлек былтыр кәсіпкерлер Палатадан ішкі айналымға арналған 117 «СТ-КЗ»сертификатын алған. Аталған құжат мемлекеттік және өзге де сатып алуларда қолданылады. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасының мамандары 2019 жылдан бастап 14 индустриалды сертификат рәсімдеп, оған қырыққа жуық өзгерістер енгізіп, жаңартты.
Сонымен қатар кәсіпкерлер палатасы биыл бизнестің негізгі мәселелерін салалық комитеттерде қарап, жергілікті өнімдердің жинағын әзірлеуді, сондай-ақ өңдеуге арналған жобаларды сүйемелдеуді жоспарлап отыр.
«Жалпы өңірден нақты қандай өнімдер өндіріліп жатқаны жөнінде арнайы жинақ не платформа жоқ. Әріптестермен ақылдаса келе биыл Қызылордада шығатын өнімдердің жинағын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін алғашқы жинаған ақпараттарымыз да бар. Өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына 60-қа жуық жергілікті тауарөндіруші қатысты. Осы кәсіпкерлердің ақпараттары бар. Биыл бұл тізімді толықтырамыз», – деді Палата басшысы.
Сонымен бірге кәсіпкерлердің жүйелі мәселелері енді Палата жанынан құрылған салалық комитеттерде қаралатын болады.
«Кәсіпкерлер палатасы жанынан бес салалық комитет құрдық. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты, сауда, қызмет көрсету және туризм, сондай-ақ құрылыс комитеті. Былтыр жылдың аяғында белсенді, нарықта тәжірибесі бар кәсіпкерлерді осы комитеттерге мүшелікке енгізіп, араларынан төрағаларын анықтап алдық. Енді бизнес өкілдерінің мәселелері осы комитеттерде қаралады, шешу жолы талқыланады, мемлекеттік және өзге де ұйымдарға ұсыныстар комитеттердің атынан жолданады», – деді Пірмұхаммед Сыздықов.
Кәсіпкерлер палатасының басшысы биыл өнімдерді өңдеуге арналған жобаларды сүйемелдеуді қолға алып жатқанын жеткізді. Жыл соңына дейін әр ауданнан ең кемі бір жобадан шығаруды жоспарлап отыр. Атап өту керек, өткен жылы Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері екі жарым мыңнан астам азаматқа 8 мыңнан астам кеңес беріп, тоғыз жүзге жуық кәсіпкерге 949 сервистік қызмет көрсетті. Мыңнан аса кәсіпкердің құқығын қорғап, бір млрд теңгеге жуық ақшасын сақтап қалды.
