Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен отырыста 5 мәселе қаралды.
Күн тәртібіне сәйкес Сырдария ауданы, Шаған ауылдық округінің әкімі Ұлбала Абдраманованың тәртіптік ісі қаралды. Ауыл әкімі жер учаскесіне құқық беру туралы шешiмді қабылдап, алайда түпкілікті шешім қабылдау үшін аудан әкіміне жолдамай, жер кодексінің талаптарында айқындалмаған, яғни, қоғамдық кеңестің келісімі алынбаған деген негізбен, «Ордабай-Ата» шаруа қожалығының құқығын шектеген. Шаруа қожалығының құқығы мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасап, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін Шаған ауылдық округінің әкімі Ұлбала Абдрамановаға қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту тәртіптік жазасын қолдану жөнінде шешім қабылданды.
Келесі кезекте облыстық білім басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары мен Әдеп кодексі бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарылған жұмыстары туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетовтің есебі тыңдалды.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысы баяндалды. Аталған мәселе бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова баяндама жасаса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың есебі тыңдалды.
Сонымен қатар, әдеп жөніндегі уәкілмен атқарылған жұмыстар туралы Қармақшы ауданы әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі Айбол Нұров пен Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкілі Серік Омаров кеңес мүшелеріне есеп берді.
Профилактикалық бағыттағы мәселелер бойынша кеңестің шешімдерімен бұл салалардағы жұмыстарды ширату жөнінде тапсырмалар берілді.


