Kyzylorda-news.kz. Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана мен №17 Қызылжарма ауылдық кітапханаларының ұйымдастыруымен журналист, жазушы Сақтапберген Әлжіковтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сара сөздің семсері» атты әдеби кеш өтті.
Сыр халқының ыстық ықыласына бөленген Сақтапберген Әлжіковтің өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға деген құлшынысын арттыру мақсатындағы шараны ҚМУ студенті, кітапхана оқырманы Санақұл Бексұлтан С.Әлжіковке «Арнау» өлеңімен ашты.
Әдеби кешке Қызылжарма ауылдық округінің тұрғыны, зейнеткер Қожахмет Ыдырысов, республикалық «Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы, С.Әлжіковтің немересі Жәнібек Орынбасарұлы Әлжіков қатысты.
Рухани шарада «Сатира саңлағы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ көрермендерге экраннан Сақтапберген Әлжіковтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетілді. Қарап отырсақ, сықақ әңгімелері қоғамдағы белең алып отырған кейбір келеңсіз құбылыстарды, адам психологиясындағы, олардың күнделікті қарым-қатынасындағы ерсі қылықтарды сын садағына ілген. Әрбір мәселені сатира тілімен жеткізген.
Бүгінгі кеште сықақ әңгімелерінен мәдениет қызметкерлері көрініс көрсетті. Қаламгердің адалдық, адамгершілік, намысшылдық, ержүректік, еңбекқорлық қасиеттердің қоғам дамуы мен адамдар қажеттілігінің нағыз құндылықтары екендігін көркем тілмен бейнелеген очерктері бойынша қойылған қойылымда оқырманға ой салатындай шынайы көрсетілді.
Кеш қонақтары сөз алып қаламгердің шығармашылығының қоғамдағы маңыздылығы мен шынайылығы туралы, естеліктер айтты.
С.Әлжіковтер әулеті өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен Сыр жеріне танымал. Сақтапберген ағамыз өз оқырманының жанын қыл қаламмен өрнектелген шығармасымен емдесе, немересі Жәнібек адамның тәнін емдеп, халықтың ризашылығына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жан.
Шара барысында Қызылжарма Мәдениет үйінің қызметкерлері Мирамбек Көшеков «Бір ел болса», Қуаныш Ахметқызы бірнеше әндерді орындап, қатысушыларға әннен шәшу шашты. Аталған кешті қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Шамсутдинқызы қорытындылады.
