Kyzylorda-news.kz Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Сарбаздар анасы» республикалық жобасы аясында 55/47 әскери бөлімінде жас сарбаздармен кездесу өтті. 

Кездесу барысында меймандар әскери бөлім қызметімен танысып, мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздармен еркін форматта әңгімелесті. 

Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева республикалық “Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт” жобасы аясындағы “Сарбаздар анасы” жобасының жыл бойына жүзеге асырылған жұмыстарына және бүгінгі замандағы жастарға ең қауіпті бес кеселмен күресу бағытына тоқталды.

Ал "Аналар жүрегі" республикалық қоғамдық бірлестігі әскери аналар комитетінің төрағасы Жарқынбике Шарапова әскери қызметшілерге көмек көрсету және оларды қолдау үшін әскери бөлімге ұдайы келіп, сарбаздарға қолдау білдіріп тұратынын айтты.

Кездесуде жас сарбаздарға теолог Бақтияр Оспанов ағалық ақылын айтып, қамқорлық танытты.   

«Әскер - әр сарбазды шыңдайтын, шынықтыратын нағыз өмір мектебі. Сондықтан сайдың тасындай жігіттердің Отанын қорғаудан жалтармағаны дұрыс. Сіздер қасиетті жерде туып, өстіңіздер, Отаным деп ат үстінде жерімізді қорғаған батырлардың ұрпағысыздар. Материалдық құндылықтардың артынан қумай, жаман әдетке құмартпай, рухани байлықтың тізгінін ұстаңыздар. Әскери борыштарыңызды өтеген соң Отанымызға ерен еңбектеріңізді төгу жолындааянбаңыздар, - деді.

Сондай-ақ, Полиция департаментінің психолог маманы Сандуғаш Мырзахметова құмар ойынға құмартудың зияны мен оған жақын жандарға заң алдында қандай жауапкершілік бар екендігіне тоқталды. Лудомания - психикалық ауытқуға ұшыратып, оның аяғы қандай қасіретке әкелетінін жұмыс барысында  кездескен фактілермен келтірді.

— Мәселен, полиция департаментінің өкілі құмар ойынға 75 миллион теңге салып, құрдымға кетті. Естеріңізде болсын, бұл система. Құмар ойын адамды қызықтырады, бірақ ұттырмайды. Алдау, арбау арқылы жастардың санасын улайды, - деді. 

Жоба аясындағы кездесудің бір ерекшелігі ақ жаулықты офицерлердің аналары арнайы келіп, жас сарбаздарға ақ батасын беріп, үйінен пісіріп әкелген ыстық бауырсақ ұсынды. Аналық мейірім мен қамқорлық үшін сарбаздар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Кездесуді облыстық қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ директорының орынбасары Руслан Құрманов қорытындылап, бүгінгі жастарымыз әскери міндетті абыроймен орындап, рухты, намысты болса, біз мықты ел болатынымызда күмән жоқ деді.

Іс-шара соңында Отан алдында борышын өтеп жүрген сарбаздарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге белсенді атсалысып, ана жылуын сыйлаған нәзік жандарға Ұлттық ұлан 55/47 әскери бөлімінің командирі Е. Бастамиевтің Алғыс хаты табысталды.

MW6A9620.jpg


 

Тағы да оқыңыз: