Kyzylorda-news.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қызылорда облысы бойынша департаментімен өңірдегі автокөлік жолдары құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді.
Талдау шеңберінде Департамент жанынан құрылған мобильдік топ «КазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалымен бірлесіп, Арал ауданындағы жол жөндеу жұмыстарына мониторинг өткізді.
Мониторинг барысында Арал ауданы Қызылжар елді мекеніне кіре беріс жолының жөндеу жұмысында бірқатар кемшіліктер анықталды.
Атап айтқанда, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының қорытындысына сәйкес, жаңа асфальт жабындысының қалыңдығы жеткіліксіз екені, яғни жоба бойынша 4,0 см болу керектігіне қарамастан қалыңдығы 2,5 см асфальт төселгендігі белгілі болды.
Департаменттің ұсынысы бойынша тапсырыс беруші тарапынан мердігер мекемеге анықталған кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар беріліп, ескертпе хаттар жолданды.
Нәтижесінде мердігер мекеме тарапынан жарамсыз күйдегі 3,1 шақырым автомобиль жолына толықтай жобаға сәйкес асфальт жабындысы төселініп, пайдалануға берілді.