Kyzylorda-news.kz Қызылордада облыстық татар этномәдени бірлестігі жиырмасыншы рет Сабантойды тойлады. Бұл туралы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хабарлады.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов бұл ынтымақ пен бірлік мейрамы екенін атап өтті.
— Осындай жарқын мерекеге бірге куә болу, біз үшін үлкен қуаныш. Баршаңызға амандық, еңбектеріңізге табыс, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Сабантой құтты болсын, — деді ол.
Этномәдени бірлестік төрағасы Галия Гизатуллина Сабантой еңбек мерекесі ғана емес, ұлттың рухани болмысын, бай мәдениетін, татулық пен өзара сыйластықты паш ететін ерекше күн екенін жеткізді.
Мерекелік думанда өнерпаздар татардың ұлттық әні мен биін көпшілік назарына ұсынды.
«Сарман» вокал тобы, «Жасмин» бишілер тобы, сондай-ақ Татарстаннан арнайы келген қонақтар Ильнур Еникеев пен Алина Ахметшина өз өнерімен көрермендерді тәнті етті. Халық ойындары мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Қызылордада этномәдени ұйымның онкүндігі өтіп жатыр. Онкүндік аясында бұған дейін алғаш рет «Тақиядағы жүгіріс» сайысы өтті. Қатысушылар татардың ұлттық бас киімі — тақияны киіп, 500 метрден 1000 шақырымға дейінгі аралыққа жүгірді.


Фото: Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы