Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған аудандық  пробация есебіндегі  Алмас есімді жазасын өтеуші өз кәсібін ашып, ісін алға жүргізіп отыр.  Ол сот үкімімен ҚР ҚК-нің 293 бабының 3- бөлігімен (бұзақылық) кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу тағайындалып,  пробация есебіне алынған.   

Жеке кәсіп ашсам деген ниеттенген Алмасқа   пробация инпекторлары құқықтық көмек көрсетеді.  Нәтижесінде ол  «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық «Кәсіпкерлік негіздері» курсын оқып, онлайн тестілеуін тапсырып, сертификатын алып, өз жобасын қорғап шыққан. Мемлекеттен қайтарымсыз 1 млн 225 200 теңге грант ұтып алып, мал шаруашылығымен айналысуда. 

«Мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алып, жылқы өсірумен  айналысып жатырмын. Ата-бабаларымыз төрт түліктің ішінде жылқы малын ерекше қадір тұтқан. Мінсе көлік, жесе тамақ, сауса сусын.  Алға қойған мақсатым да  бар. Жылқы басын көбейтіп, бордақылаумен де айналысатын боламын. Кез келген істің белгілі бір қиындығы мен сын сағаты болады. Бұл жұмыс табан етті талап еткенмен, берер берекесі мол. Сондықтан да бұл кәсіпке балаларымды да баулып жүрмін»,-деді есептегі азамат. 

Аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Анарбек Искаковтың айтуынша пробация бақылауындағы азаматтар арасында 3 сотталған жеке кәсіп ашып, мемлекетткен қайтарымсыз қаражат алған. 

«Олардың барлығы мал шаруашылығмен айналысып, ісін дөңгелетіп отыр. Тағы 2 азамат жеке кәсіп ашуға ниеттеніп, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық «Кәсіпкерлік негіздері» курсын оқып жатыр. Олар сертификатын алған соң  өз жобаларын коммиссия алдында қорғап, мақұлданып жатса, мемлекеттен қайтарымсыз грант ала алады», - деді әділет майоры Анарбек Искаков.
 

 

Тағы да оқыңыз: