Kyzylorda-news.kz Қазалы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға қайтарымсыз грант берілді.
Қазалы ауданында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант сертификаттары табыс етілді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы “Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы” бұйрығына сәйкес екі азамат 1 млн 476 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант иеленді.
Грант мал шаруашылығын дамыту мақсатында бөлініп, жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына үлес қосуды көздейді. Бұл азаматтардың болашақта өз істерін ашып, ауыл шаруашылығы саласында табысқа жетуіне зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Салтанатты шараға Қазалы аудандық прокуратурасының прокуроры Н.Бейбітәлі, Мансап орталығы филиалы директорының міндетін атқарушы И.Жалиев және Қазалы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Б.Муратбаев қатысып, грант иелеріне сәттілік тіледі.
Мемлекеттік қолдау азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оларды қайта әлеуметтендіруге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған. Грант иегерлері мал шаруашылығын дамыту арқылы өз кәсібін кеңейтіп, қоғамға оң үлес қосатындықтарына сенім білдірді.
— Мемлекеттен қаражат алғаныма қуаныштымын. Енді мал шаруашылығымен айналысып, өз кәсібімді дамытуды жоспарлап отырмын. Отбасымды адал еңбегіммен асырап, қоғамға пайдамды тигізсем деймін, – деді есептегі азамат.