Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында жаңа жылдық мереке күндеріндегі рейд барысында пиротехникалық заттарды заңсыз сатудың 38 дерегі анықталып, 703 дана пиротехника тәркіленді. «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында базарлар мен сауда орындарында Қызылорда облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізді.
«Облыс бойынша пиротехникалық заттарды заңсыз сатудың 38 дерегі анықталды. Атап айтқанда, тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасаудың (ҚР ӘҚБтК 196-бабы) 31 дерегі анықталып, 703 дана пиротехникалық зат тәркіленді, ал елді-мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолданудың (ҚР ӘҚБтК 436-бабының 3-бөлігі) 6 дерегі, пиротехникалық заттарды пайдалану, сату және сақтау ережелерін бұзудың (ҚР ӘҚБтК 483-бабының 1-бөлігі) 1 дерегі анықталып, құқық бұзушыларға әкімшілік шара көрілді», - делінген полиция департаментінің хабарламасында.
