Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінде химия, биология және география пәнінің мұғалімдерінің қатысуымен қалалық семинар ұймдастырылды. Семинарға қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұрқанат Ақылбайұлы арнайы қатысып, сәттілік тіледі.
Семинар оқушыларды жаратылыстану ғылымдары әлемінің тұңғиық сырларына бойлауға, химия, биология және география пәндері бойынша білімдерін тереңдетуге және алған білімдерін өмірде қолдана білуге үйрету мақсатында өткізілді.
Пайдасы мол шара барысында сыныптан тыс жұмыстарға басымдық берілді. Соның ішінде «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп театры», «Дебат клубы» жобаларын химия, биология және география пәндерімен байланыстыра отырып түрлі жұмыстар ұсынылды. Семинарға қатысқан оқушылар пән мұғалімдерімен дайындаған жобаларын ұсынып, арнайы марапаттарға да ие болды.
Сонымен қатар, семинарға қатысушы қонақтарға арнайы көрме ұйымдастырылып, мектептің арнайы дайындалған «жасыл бұрышында» химия пәнінен қызықты практикалық тәжірибелерді тамашалады. Семинар соңында келген қонақтар кері байланыс орнатып, семинардан алған әсерлерімен бөлісті.
