Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында өңірлік ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Н. Аманқұл төрағалық етіп, кеңес мүшелерімен қатар мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары, кәсіпкерлік және өндіріс саласының өкілдері, сондай-ақ шетелдік және отандық инвесторлар қатысты.

Отырысты ашқан облыс әкімінің орынбасары Н. Аманқұл Мемлекет басшысының ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, өңірдің ғылыми әлеуетін күшейту және ғылым нәтижелерін нақты өндіріске енгізу өңір үшін басым міндет екенін атап өтті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті Е.Шевченко онлайн форматта сөз сөйлеп, Ұлттық ғылым академиясының Қызылорда облысында өткен көшпелі отырысының қорытындылары мен қабылданған ұсынымдардың орындалу барысын таныстырды.

Сондай-ақ өңірдің ғылыми әлеуетін дамыту, ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау және ғылым мен өндірістің өзара байланысын күшейту бойынша алдағы міндеттерге тоқталды.

Екінші мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы М. Тәуіпбаева өңірлік ғылыми жобалардың гранттық қаржыландыру конкурсының басым бағыттарын Кеңес қарауына ұсынды.

Кеңес мүшелерінің шешімімен су қауіпсіздігі және су ресурстарын тиімді басқару, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігі, экологиялық қауіпсіздік және климаттың өзгеруіне бейімделу, циркулярлық экономика, жер қойнауын ұтымды пайдалану және цифрлық трансформация бағыттары өңірлік ғылыми гранттар конкурсының басым бағыттары ретінде бекітілді.

Жиында өңірде ғылымды қаржыландыру көрсеткіштерін арттыру және республикалық гранттық конкурстарға қатысу мәселесі де көтерілді.

Қазіргі таңда алдағы 3 жылға өңірдің жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдары республикалық конкурстарға жалпы құны 9,5 млрд теңгеден асатын 53 ғылыми жобаны ұсынып, олардың конкурс қорытындылары күтілуде. Бұл жобаларды іске асыру өңірдің ғылыми әлеуетін күшейтіп, ғылымның экономикаға қосатын үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Үшінші мәселе аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Н. Байқадамов өңірде іске асырылатын ірі инвестициялық жобаларды қажетті кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі университеттің жұмысын таныстырды.

Университетте еңбек нарығының сұранысына сәйкес жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп, өндіріс орындарымен дуалды оқыту жүйесі дамытылып жатқаны, сондай-ақ инвестициялық жобаларға қажетті инженерлік, аграрлық, цифрлық және техникалық бағыттар бойынша мамандар даярлау күшейтілетіні айтылды.

Кеңес аясында «Hongda Group» компаниясы, «QazaqAgroProcessing» ЖШС, «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Құжаттар шеңберінде дуалды білім беру элементтерін енгізу, студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру, білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің сұранысына бейімдеу және өңірде іске асырылатын инвестициялық жобаларға қажетті білікті мамандар даярлау көзделген.

Тағы да оқыңыз: