Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облыстық мәслихаттың Өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.
Онда, облыстық мәслихат хатшысы Н. Байқадамов және облыстық мәслихат депутаттары С. Өмірзақов, Қ. Боранбаев, Т. Жақыпбаевтың және «Қызылорда облысының ветеринария басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ш. Қойшыбеав, қала әкімінің орынбасары Ж. Сейлов, қалалық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Н. Әзірбек, қалалық ветеринариялық станциясының басшысы Н. Төлегенов және т.б қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті 20 сессиясының күн тәртібіндегі 3 мәселе талқыланды. Өзге де облыстық мәслихат депутаттары және аудан әкімінің орынбасалары Zoom бейне-конференц байланысы арқылы қатысты.
Облыстық мәслихат депутаты Ж. Ысқақтың төрағалығымен өткен комиссияның кеңейтілген отырысында күн тәртібіндегі Қызылорда облыстық мәслихатының ветеринария саласындағы кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану, облыстың елді мекендерінде жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту, облыстың елді мекендерінде үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы мәселелер бойынша «Қызылорда облысының ветеринария басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ш. Қойшыбаев хабарлама жасады.
4 наурыздан бастап күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы жаңа заң бойынша, көшедегі иесіз иттерді себепсіз атуға тыйым салынған екені белгілі. «Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру тоқтатылады. Ал олардың санын реттеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен стерильдеу жолымен ғана жүзеге асырылатын болады.
Жануарларды аулау жұмыстары оларға зиян келтірмейтін құралдармен оқшаулау сүрлемдерін, торларды ұстап алу кезінде бекітуге арналған бекіткіштерді ҚР заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдана отырып жүзеге асырылады. Ауланған жануарлар уақытша ұстау пунктіне орналастырылады немесе жануарларға арналған баспанаға беріледі және деректер базасында тіркелуге жатады. Сонымен бірге уақытша ұстау пунктінде клиникалық тексеру және тексеру базасында тіркеу жүргізіліп, жануарларды ұстау ҚР ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес, профилактиканы және диагностиканы қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, үй жануарлары көшелер арқылы немесе магистральдардың жанында өткен кезде тұмылдырық кигізіледі және жол көлік оқиғаларын және оның жүру бөлігінде апат болуын болдырмау үшін оны 1,5 метрден аспайтын қысқа қарғы бауда, және тыйым салу белгіленбеген орындарда 2 метр аспайтын қарғыбаумен ұстау қажет.
Хабарлама аяқталған соң, облыстық мәслихат депутаттарының тарапынан болған стерилизация жұмысы, уақытша ұстау пункттерінің барлық аудандарда қамтамасыз етілгендігі мен вакцинацияның мемлекет есебінен жасалатындығы туралы және Zoom байланысы арқылы қатысқан Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Е. Әпетовтың уақытша ұстау пункттерінің талапқа сай келмейтіндігі, стерилизация жұмысына қаржы қажеттілігі мәселесіне қатысты сауалдары мен ұсыныстарына басқарма басшысы Ш. Қойшыбаев жауап берді.
Жиын соңында тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысына ұсынылған мәселелер назарға алынып, тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының қарауына жіберілді.

