Kyzylorda-news.kz  Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында облыстық «Wiedergeburt» неміс этномәдени бірлестігінің онкүндігі қорытындыланып, дәстүрлі «Алтын дән» мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шара бүгін Достық үйінде ұйымдастырылды.

Іс-шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелері, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, серіктес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.

582729328_4245188005800347_2007390658329327101_n.jpg

Алдымен Достық үйінің фойесінде қолөнер бұйымдары және неміс этносының ұлттық тағамдарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрме қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырып, неміс этносының дәстүрлі қолөнер мәдениетін айшықтады.

Негізгі бөлім мерекелік концерттік бағдарламамен ашылды. Түрлі этностарды бейнелеген жас өнерпаздар ұлттық киімдермен би композициясын орындап, көпэтносты қоғамымызға тән бірлік пен шығармашылық үйлесімді көрсетті. Кеш барысында неміс этносының әндері, классикалық билер, заманауи және этникалық музыкалық нөмірлер ұсынылып, қатысушыларға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйланды.

582732702_4245188105800337_7679387199478108069_n.jpg

«Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов құттықтау сөзінде неміс этносының өңірдің қоғамдық-мәдени өміріндегі орны ерекше екенін атап өтіп, «Wiedergeburt» бірлестігінің этномәдени дәстүрлерді сақтау мен дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.

1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Wiedergeburt» неміс этномәдени бірлестігі аймақта неміс мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрлерін насихаттауда жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бірлестік төрағасы Ирина Шек онкүндік аясында мәдени кездесулер, қайырымдылық жобалары және жастарға арналған танымдық іс-шаралар өткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, онкүндіктің қорытындысы ретінде ұйымдастырылған «Алтын дән» мерекесі бірліктің, татулықтың символына айналып отыр.

585380538_4245188172466997_4098841263596809092_n.jpg

Салтанатты шарада бірлестіктің белсенді мүшелеріне арнайы алғыс хаттар табысталды.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудағы маңызды рөліне тоқталып, этносаралық үйлесімділікті одан әрі дамытуға шақырды.

Тағы да оқыңыз: