Kyzylorda-news.kz Дәл қазір Қызылорда ерекше қарқынмен дамып келеді. Салынып жатқан үйлер, білім, мәдениет, спорт, денсаулық нысандары, жөнделген, кеңейген көшелер сөзімізге дәлел бола алады. Одан бөлек жылу электр орталығының құрылысы, көпқабатты үйлерге арман болған ыстық су сынды ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  өткен жылы атқарылған игі істер мен нәтижелі жұмыстардың есебін баяндады. 

– Соңғы жылдары Сыр елі қол жеткізген табыстары, жасампаз істері және жарқын жетістіктерімен өңірлер арасында көш бастады. Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірде жүзеге асқан маңызды жобаларды ерекше атап өтіп, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі мен аймақтың дамуына оң бағасын берді. Мұның барлығы әрине, ел Президентінің, Үкіметтің тұрақты қолдауының нәтижесі, аймақ басшысының ұтымды үйлестіруінің, жерлестеріміздің ауызбіршілігінің жемісі, – деп бастады сөзін қала әкімі.  

Қала басшысының айтуынша, дамудың даңғыл жолына түскен облысымыздың бюджеті 750 млрд теңгеден асқан. Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд теңге болатын. Ал 2024 жылдың басында 58,2 млрд теңгемен бекіген қала бюджеті жыл соңында 112,7 млрд теңгеге жетті. Көрсеткіш 193,6 пайызды құраған.

– Қаланың түсімдері 119 млрд 534 млн теңгеге орындалып, 106,1 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өз кірістеріміз 37 млрд 892 млн теңге  немесе 124,5 пайызға артығымен орындалды.Бұл қаржылар өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды, – деген қала әкімі өткен жылы аймақ басшысының тегеурінді талабы мен тың бастамаларының нәтижесінде барлық салада өсім қалыптасқанын жеткізді. 

Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, аймақтың негізгі капиталына 640 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 21,7 пайызды құраған. Одан бөлек құрылыс жұмыстарының көлемі республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғарылады. Өңдеу өнеркәсібі – 19,6 пайызға, ауыл шаруашылығы – 2,3 пайызға, тұрғын үй – 16,9 пайызға, көлік – 2,8 пайызға, сауда  6,6 пайызға артты. Бұл өсімдерде облыс орталығы – Қызылорда қаласының үлесі бар екенін атап өткен жөн. 

– Атап айтар болсам, қаламыздың негізгі капиталына салынған инвестиция 288,5 млрд теңгені құрап, 119 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 158,2 млрд теңгеге жетіп, 159,7 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнім көлемі15,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 101,3 пайыз болды. Бөлшек сауда көлемі 443,7 млрд теңгені құрап, 105,7 пайызға көтерілді, – деді Н.Сәбитұлы.

2025-01-17_09-38-30.png

Сыр өңірінде кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңіп келеді. Брифингте айтылған деректерге сенсек, Президент бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 34 жобаға 277,8 млн теңге несие берілген.«Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы өнеркәсіп саласының 41 жобасы қолдау тауып, 502,3 млн теңгеге қол жеткізді. Екінші деңгейлі банктер арқылы 647 кәсіпкер 22,6 млрд теңге жеңілдетілген несие алып, нәтижесінде қала кәсіпкерлерінің саны 34 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылғандар 65 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлікпен 300 млрд теңгеге өнім өндірілді. Биыл 15 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Біз бұл жобалармен қатар, биыл қаладағы «Жаңа» және «Ескі базар» аталып кеткен қос сауда орталығын жаңғыртудан өткізу де жоспарланған.

Ауыл аманаты жобасы.jpg

Экономикамыздың өзегі ауыл шаруашылығында екені жасырын емес. Себебі жылдан-жылға мұнай қоры сарқылып, осы салаға басымдық берілуде. Өткен жылы 8 298 гектар жерге егін егілген.Дала еңбеккерлері ала жаздайғы еңбегін жауын-шашынға қалдырмай, мерзімінде толық жинай алды.

Халықты жұмыспен қамту да әкімдер алдында тұрған үлкен міндеттің бірі десек, қателесе қоймаспыз. Мемлекет басшысының да арнайы тапсырмасы бар. Қызылордада бұл бағыттағы жұмыстар да өз ретімен жүруде.

– Өткен жылы 13 458 жаңа жұмыс орны құрылды. Жаңа бизнес – идеяларды іске асыру бойынша 520 адамға мемлекеттік гранттар берілді. Жыл көлемінде 12 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп, 1 188 бос жұмыс орны ұсынылды. Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталуда, – деген қала әкімі былтыр қалада 2 574 пәтерлі 63 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілгенін атап өтті. 
 

Брифингте қала әкімі биыл шаһарымыздың бас жоспары қайта бекітілетінін атап өтті. Қала әкімінің сөзінше, жаңа бас жоспар саяжайларды да қамтиды екен. 

– Басты құжатқа сүйене отырып, біз «Эдельвейс», «Еңбек», «Орбита» секілді саяжайларға да газ желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз, – Нұржан Сәбитұлы.

Бұдан бөлек қала әкімі Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді мекенін «көгілдір отынмен» қамту негізгі жоспарға енгізілетінін мәлім етті.

газ - шырпы.png

Мұнан соң шаһар басшысы қала тұрғындарын тұрақты электр энергиясымен қамту жұмыстарының жалғасып жатқанын жеткізді. «Өткен жылдың өзінде құны 4,8 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны жүзеге асырып, электр желілерінің тозу деңгейін 62 пайызға дейін төмендеттік. Әрине, жауын-шашынды немесе дауылды күндері апатты ажыратулардың орын алатындығы жасырын емес. Дегенмен, арнайы бригадалар ақауларды көпке ұзатпай қалпына келтіруде» деген қала әкімі  өткен жылы аймақ басшысының тікелей қолдауымен 99 көшеге жол құрылыстары салынып, қайта жаңғыртылғанын баян етті. 

Электрик.png

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 мектеп пайдалануға берілді. Оның бірі Сырдарияның сол жағалауынан ашылса, екіншісі Ақмаржан ықшам (КБИ) ауданында екенін айта кетейік. Шаһар басшысы биыл дәл осындай заманауи тағы үш мектептің құрылысы аяқталып, игілікке табысталатынын жеткізді.

Тағы бір айта кетерлігі, Қызылордада Мемлекет басшысының, Үкіметтің тікелей қолдауымен, облыс әкімінің ұтқыр үйлестіруімен 215 млрдтеңгеге қуаттылығы 240мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы салынып жатыр.  Инвестор – «Акса Энерджи» түрік компаниясы. Жаңа жылу-электр станциясы – мемлекетімізде инвестор қаржысына салынып жатқан ең ауқымды, теңдессіз жобалардың бірі. Осы күні жұмыстың 70 пайызы еңсерілді. Нысан қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Президентіміздің қолдауымен, Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету жобасы сәтті жүзеге асырылуда. 

Қала әкімі баяндамасында спорт саласындағы жұмыстарға, медицинадағы соны жетістіктерге тоқталды. Сонымен қатар Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы және жаңа автовокзал ашылғанын, теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өткенін тілге тиек етті. Одан бөлек қала көлеміндегі саяжайлардың жөнделетінін айтты.

– Қазір қалалық мәдени және демалыс паркі қайта жаңғыртылуда. Кеше ғана Тұңыш Президент, Денсаулық саябақтарына да жаңғырту жұмыстарын бастадық. Бұл аумақтарда күрделі жұмыстар жүргізіліп, соңғы үлгідегі аттракциондар қойылады.Су бұрқақтары, амфитеатр, жаяу жүргіншілер мен веложол салынып, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары ашылады. Маңызды жобаларымызда Батырхан Шөкенов атындағы саябағы мен Қорқыт ата мемориалы аллеясы бар. Осы аумақтарда биыл абаттандырылып, жаңа кейіпке енеді. Сонымен қатар Сырдария өзенінің үстінен Астана мөлтек ауданы мен Тұңғыш Президент және Денсаулық саябақтарын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарда бар, – деген Нұржан Ахатов биыл қаланың, оған қарасты кенттер мен ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған 166 жоба әзірленгенін мәлім етті.  Сондай-ақ Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай жоспарланған гаралардың бар екенін жеткізді.

– Биыл Сыр елінің бас шаһары Қызылорда қаласының Астана болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылуына 100 жыл толып отыр. Бұл жалғыз Сыр өңірінің мерейтойы емес, бұл – тұтас ұлт, мемлекет тарихына қатысты кезең.Қызылорда астана болған тұста бұл жерде ел болашағына қатысты маңызды тарихи шешімдер қабылданып, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанбек Қожанов, Қоңырқожа Қожықов және өзге де тарихи тұлғалардың ұлт болашағы үшін еңбек еткенін жақсы білеміз.Қазіргі таңда мерейтойды атап өтудің тұжырымдамасы мен облыстық іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленіп, оған 40-қа жуық ауқымды іс-шара енгізілді. Мерейтойды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі комиссияның алдын ала талқылау отырысы өткізіліп, онда республикалық деңгейде белгілі тарихшылар мен ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ғылыми-танымдық конференциялар ұйымдастыру, «Алаш арыстарына» арналған музей ашу, қала орталығынан «Тұңғыш астанаға 100 жыл» аллеясын ашу секілді ұсыныстар берілді. Осы және өзге де ұсыныстар бойынша облыс әкімдігімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдау жоспарлануда.Мерейтой қарсаңында «Қызылорда – Алаштың жүрегінде» атты тарихи-танымдық кітап шығарылатын болады. Республикалық композиторлар конкурсы, белгілі вокалды- аспапты ансамбльдердің қатысуымен ретро-фестиваль және өзге де мәдени-танымдық, қоғамдық-саяси маңызды шараларды ұйымдастыру көзделуде, – деді қала әкімі.

Городской парк реконструкция.jpg

Қала әкімінің баяндамасынан соң журналистер сұрақ қойып, көңілге қонымды жауаптарын алды.Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатовтың баяндамасынан атқарылған істің аз еместігі, ал атқарылатын істің одан да көп екенін аңғардық. Бұдан облыс пен қала басшылығының бар күш-қуатын, ерік-жігерін Сыр бойының жүрегін, облыстың бас қаласын гүлдендіруге жұмсап жатқанын көруге болады.
 

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ 

Тағы да оқыңыз: