һKyzylorda-news.kz. Бүгін Астана қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Қоғамдық келісім» РММ Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының қатысушыларын марапаттау рәсімі өтуде.

«Мың бала» жобасының мақсаты - мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушыларын, әртүрлі этникалық топтардың жастарын мемлекеттік тілді оқытуда қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтарына баулу арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға үлес қосу болып табылады.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М.А. Әзілханов, ҚР Парламенті депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, жоба жеңімпаздары, мемлекеттік тілді оқыту бойынша әдіскерлер, жастары ұйымдарының мүшелері шығармашылық және ғылыми зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысуда.

Айта кетейік, шарада Қызылорда облысынан өңірлік кезеңнен жеңімпаз болып танылған оқушылар Ясемин Тулешова, Ярослав Лавров, Дарья Эльвина марапатталады.

Аталған шараға орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба қалдырды. 

«Ақ қарлы Астанаға байтақ елдің әр аймағынан бүлдіршіндер мен ұландар келді. Жай келмеді, олардың ақ періште пейілі, елдің ертеңі, ұлтының болашағы деп соққан жұдырықтай жүректері Арқаның аязын жылытқандай болды. Кеше өткен Ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы: «Көк байрағымыз, төлқұжатымыз және мемлекеттік тіліміз біздің біртұтас халық екенімізді білдіреді», - деді. Осы үштағанды қасиет тұтып, мемлекеттік тілді тәу етер қасиетіне балаған, әртүрлі ұлттан шыққан жас ұрпақты көріп сүйсіндік. Этникалық топ өкілдерінің балапан буын ұрпағы – әртүрлі ұлттан құралған жастар қазақ тілінде ән салып, қара домбыраны күмбірлетіп, мақал-мәтелдің майын тамызды. «Мың бала» атты ресубликалық мәдени-ағартушылық жобасына қатысқан жаны қазақ бүлдіршіндер Жастар театрында марапатталды. Жалпы, аты айтып тұрғандай, барлығы мың бала мәдени жобаның аясында өнер көрсетеді. Марапатталды дейтініміз, Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесіп атқарылған аталған жоба мектеп оқушылары қазақ халқының  рухани құндылықтары, салт-дәстүрін білуден жарысқан еді. Озып шыққандары елордаға келіп, өнер көрсетті, ынталанып, еліне қайтты. «Мен қазақпын!» деп жұлқына жыр оқыған, «Елім менің!» деп еңсесін тік ұстаған кішкентай қазақстандықтарға қарап Қазақстанның болашағы жарқын екенін түйсінесің. Темірқанат таланттарымызды тіл-көзден сақтағай да! Жаны қазақ мың балаға сәттілік тіледік», - делінген министрдің жазбасында.

мын бала.jpg

Тағы да оқыңыз: