Kyzylorda-news.kz Қызылордада дәстүрге айналған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының өңірлік кезеңінің қорытындысы болып өтті. Қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос оқушылары үшін сайыс тартысты әрі қызықты болды.
«Жарқыра, жас дарын!» тақырыбында өткен облыстық байқауда Қызылорда қаласынан және аудан мектептерінен 7 қатысушы бақ сынады.
«Мың бала» жобаны іске асыруда жыл басынан бері облыс көлемінде түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. Дөңгелек үстел, шығармалар байқауы, ашық диктант, кездесулер, аудан мектептерінің жазғы тынығу лагерлерінде ұлттық және спорттық ойын түрлерінен жарыстар, байқаулар ұйымдастырылды. Жобаға тартылған 1000-нан аса жастар қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңыздылығын жете түсінді.
Шарада «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руслан Құрманов «Мың бала» жобасының маңыздылығын атап өтті. Бұл жоба татулық пен бірліктің, ынтымақтың алтын бастауы екендігін алға тартты.
Тартысты байқауда бірінші «Таныстыру», екінші «Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра» қазақтың салт-дәстүрінен сахнада көрініс қою кезеңі болды. Үшінші «Сиқырлы ұяшықтар» кезеңінде қатысушылар ұяшық таңдау арқылы мақал-мәтелді жалғастырды. Ал төртінші соңғы кезең «Шығармашылық өнер», яғни өлең айту, билеу, көркемсөз оқу, музыкалық аспапта ойнау сынды өнерлерін көрсетті.