Kyzylorda-news.kz. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Пәтер иелері кооперативтерінің қызметі тоқтатылып, әрі қарай жаңа басқарушы органдар – меншік иелері бірлестігі немесе жай серіктестіктер өз жұмыстарын жалғастырады. Осыған орай, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары қала аумағында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарына жаңа басқарушы орган қызметіне өту бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі таңда, бұл бағыттағы жұмыстар Қорқыт Ата көшесі №140 көпқабатты тұрғын үйі мен Мұратбаев көшесі №17 үйінде жалғасын тапты.
Айта кету керек, 2022 жылдың 30 маусымында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару, мемлекеттік шекара, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданып, пәтер иелері кооперативтерінен (ПИК) мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және жәй серіктестік (ЖС) көшу мерзімі 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылды.
Осыған орай Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйде тұратын тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

