Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілді қызмет тіліне айналдыру» облыстық семинары өтті.
Семинарға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Республика күнімен құттықтап, күн тәртібімен таныстырды.
Семинар барысында Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері», Әділет департаментінің бөлім басшысы А. Қосбергенова «Салаға қарасты мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданылуы», Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшин «Бақылау-касса машиналарының мемлекеттік тілде жүргізілуін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы» хабарламалар жасады.
Семинарда әлеуметтік желілерде сауда нүктелеріндегі бақылау-касса машиналары, тұтынушылық қызметтерге арналған терминалдар, газ, өрт сөндіру салаларында және нотариустардың атқарушылық жазбалары орыс тілінде жүргізілетіндігі жөнінде мәселе қозғалды.
Сонымен қатар, «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес көрнекі ақпарат, ас мәзірі, жол белгілері, елді мекен атауларын мемлекеттік тілде жазу міндеттелгендігі айтылды.
Осы ретте, ас мәзірі, сауда орындарындағы тауар атауларын мемлекеттік тілге аудару мәселелерін филолог-ғалымдармен бірлесе отырып, аудару қажеттігі жөнінен пікірлер ортаға салынып, бірқатар ұсыныстар айтылды.
Семинарды облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қорытындылап, мемлекеттік мекеме басшыларына салаға қарасты ұйымдарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жұмыстарды жандандыру бағытында бірқатар тапсырмалар берді.

