Kyzylorda-news.kz Араққа сылқия тойған алматылық тұрғын пойыздан түсіріліп, 3 тәулікке қамауға алынды.
28 қазанда Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Алматы-Ақтөбе бағытындағы жолаушылшар пойызын патрульдеу кезінде құқық бұзушыны акт бойынша пойыздан түсірді.
Тексеру барысында көлік полицейлері Алматы қаласының 49 жастағы тұрғынын ұстап, оның қоғамдық орында масаң күйде болғанын, ескертулерге құлақ аспай, жолаушылардың мазасын алып, қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтады.
Құқық бұзушыға қатысты алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені және тыныштықты бұзғаны үшін екі әкімшілік хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Алкогольдік ішімдіктерді ішу фактісі бойынша материал сотқа жолданды, себебі ол бұған дейін осы құқық бұзушылықты бір жыл ішінде жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Сот шешімімен құқық бұзушы 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Фото: Polisia.kz