Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы мал ұрлығына қатысты жазаны күшейткенімен, бұл мәселе елді мекендерде әлі де күрделі күйінде болып отыр. Мал етінің бағасы қымбаттаған сайын, ұрлық арқылы олжалы болғысы келетіндердің қатары артқан. Сондай-ақ, мал ұрлығы қылмыстық кәсіпке айналғанын көрсетіп отыр. Бұл дегеніміз қылмыскерлер топтасып, орындаушылар, ұйымдастырушылар, қара базарда сатушылар, ұрланған малды тасымалдаушылар болып бөлінеді деген сөз. Бірнеше рет сотты болған тұлғалар жеңіл жолмен ақша табу мақсатында осы қылмысқа барады.
Бұдан бөлек, қолды болған малдың иелері дер кезінде полиция қызметіне хабар бермей жатады. Көбінде жоғалған малды өздері іздеп, бірнеше күнді өткізіп алады. Бұндай жағдайда қылмысты тез арада ашуға мүмкіндік азаяды. Дегенмен, мал ұрлығы фактілерін болдырмау, алдын алу профилактикалық жұмыстары аймақтың құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлерімен жиі ұйымдастырылып тұрады.
Осы орайда, мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, ашу, мал ұрлығы қылмыстарымен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында Қызылорда қалалық Полиция басқармасында қараша айының 28-30 күндері аралығында қала көлемінде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Полиция қызметкерлері ветеринарлармен бірлесіп, құжаттарсыз ауыл шарушылық жануарларын тасымалдау фактілерін, мал союға және ет сатуға арналған сертификаттың бар-жоқтығын анықтау үшін рейдтік іс-шаралар өткізуде. Қала көлемінде орналасқан сауда орталықтары және басқа да ет павильондары мен мал союға арналған орындар тексерілуде.

