Kyzylorda-news.kz. Мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу, ашу, мал ұрлығы қылмыстарымен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бұйрығына сәйкес 15-18 мамыр аралығында облыс көлемінде «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Іс-шараға Полиция департаментінің барлық қызмет салалары мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылды.
Ветеринария саласымен бірлесіп, құжатсыз төрт түлік малды тасымалдау фактілерін, мал союға және ет сатуға арналған сертификаттың жоқтығын анықтау үшін рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
Мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырғаны жасырын емес. Төрт түлік мал көбіне қараусыз жайылатын жерлерден кешкі уақытта ұрланады. Бұған қоса, тұрғындар малының ұрланғандығы туралы полиция органдарына кеш хабарлайды.
Мал иелері өздерінің малдарын жоғалғанын байқаса да полицияға хабарын бермей, көмегіне жүгінбей өз бетінше іздейді, қылмыс орын алған сәттен арада біраз уақыт өтіп, ұрланған мал мен оған қатысты тұлғаларды іздестіруді жеңілдететін маңызды айғақтар мен іздер жоғалады. Осылайша, мал ұрлығы қылмысын жедел түрде ашуға мүмкіндік болмайды.