Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласы аумағында орналасқан орта және шағын кәсіпкерлік нысандарындағы көрнекі ақпараттардың ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкестігі зерделеніп, кемшілік анықталған нысан иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Korneki» әлеуметтік жобасы іске қосылды.
«Көрнекі» жобасының аясында құрылған мониторинг топтың құрамында Қызылода облысының қоғамдың даму басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімі, «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары және арнайы дайындықтан өткен «Таза тіл» еріктілер тобы бар.
Рейд жұмыстары барысында көшелер бойындағы халыққа қызмет көрсету орындары, сауда орталықтары мен басқа да жеке кәсіп нысандарындағы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардағы тіл нормаларының сақталуы, мемлекеттік тілдің қолданылуы зерделенеді.
Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының тапсырысы шеңберінде жыл соңына дейін 30 көшенің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жұмыстары жүргізу жоспарланған.
Сәуір айынан басталған жоба аясында 10 көше бойында орналасқан 484 нысанның көрнекі ақпараты мен жарнамалары зерделеніп, 138 кемшілік, оның ішінде 24 нысан «Körneki» электронды платформасы (телеграм бот) арқылы анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетілді.