Kyzylorda-news.kz. 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Сыр елінде алғаш рет «Алтын адам» бірегей археологиялық жәдігерлерінен «Алтын киімді Ұлы дала елі» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Көрмеге еліміздің ерте дәуірдегі мәдениетін, тарихын айқындайтын ұлттық құндылықтарымыз «Арқаның Алтын адамы» мен Алтын Орда дәуіріне жататын гипперреалистік кейіптегі Болған Ана бейнесі, Батыс өңірінің «Сармат көсемі» мен «Тақсай Ханшайымы» сынды «Алтын адам» бірегей археологиялық жәдігерлері қойылды.
Шараға мәдениет қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары, қылқалам шеберлері, өнер иелері, құнды дүниелерге жанашырлар, орта, арнаулы және жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Көрмені Қызылорда әкімі аппаратының басшысы Байманов Шахмардан Асқарұлы ашып, Сыр жұртшылығының Ұлы даланың жауһар жәдігерлерімен танысуына мүмкіндік алғандығына қуанышын білдіріп, алғыс айтты. Сөз кезегінде Қызылорда облысының ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Шәменов Өмірбек Мөрәліұлы бабаларымыздың алтын жалатылған сауытпен жерленуі – біздің ежелгі дәстүрден тамыр тартар төл мәдениетіміздің осал еместігінің көрінісі екендігін айтты.
«Тақсай ханшайымы» 2012 жылы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданындағы Долинное елді мекенінен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған. Бұл қайталанбас ғажайып дүние, ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орнынан табылған. Қабірден әйел адамның алтын әшекей бұйымдары, ерекше шошақ төбелі алтындаған бас киім қалдығы, соғыс көрінісі бейнеленген тарақша, жалпы салмағы 3 келіге жуық көптеген алтын бұйымдар табылған. Әйел адамның киімі толығымен сақталмаса да, археолог ғалымдар тақсай ханшайымының жерленген кездегі киімін ғылыми болжам бойынша қайта қалпына келтірген. Жерленген әйел адам аса қымбат әшекейлі киім киген: басында шошақ төбелі жоғарғы жағында тау ешкісінің бейнесі бар алтын бас киім, мойнында екі салпыншақты шекелік және тұтас құйылған гривна тағылған. Ал киімнің кеуде тұсына төртбұрышты, сопақша пішінді барақ ит, қойдың бастары бейнеленген алтын жапсырмалы әшекейлер мен дөңгелек пішінді алтын моншақтар тігілген. Киімнің жеңдеріне де алтын қалыптағы қасқырдың азу тістері бейнесіндегі алтын салпыншақ тігілген. Ал білектеріне қиял-ғажайып жануар яғни мүйізді мысықтұқымдас жыртқыштың бұзаумен айқасы бейнеленген алтыннан құйып жасалған екі білезік таққан. «Алтын ханшайым» өзі үш жарым метр тереңдікте болған.
2008-2010 жж. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген археологиялық қазба жұмысында Қарағанды облысының Талды-2 сақ жауынгерлері қорымынан табылған ерекше жәдігер – «Арқаның Алтын адамы» және Алтын Орда дәуіріне жататын гипперреалистік кейіптегі Болған Ана бейнесі. Артефакті ежелгі өркениеттің материалдық және рухани мәдениетінен мағлұмат береді: сақтардың аң стилі негізінде жасалған 200-ден астам алтын бұйымдар, 14 қоладан жасалған жебенің ұшы, тас моншақтар. Алтын бұйымдар әскери киімдегі сақ жауынгерінің реконструкциясының негізгі элементтеріне айналды.
Алтын Орда дәуіріне жататын гипперреалистік кейіптегі Болған Ана бейнесі. Қарағанды облысының Ұлытау ауданында, Қаракеңгір өзенінің бойында орналасқан Болған ана кесенесінен сән-салтанатымен жерленген 30-40 жас шамасындағы, бойы 160 см маңайында болатын әйел адам екендігі анықталып: жерлеу орнынан бағалы матадан тігілген шапаны, алтын тостағы мен сырғалары, темір сапы мен қатты тотығып кеткен айнасы және аяқ жағына қойылған кездік пен ертұрманы қалдықтары табылды. Табылған жәдігерлер негізінде Қазақстанда алғаш рет гипперреалистік кейіпте Болған ана бейнесі жасалған. Ел аузында сақталған аңыз деректер бойынша Болған Жошы ханның қызы (кей мәліметтерде келіні) болғандығы айтылса, басқа аңыз нұсқаларында осы төңірекке аты әйгілі болған билеуші өкілдерінің бірі ретінде баяндалады.
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Аралтөбе қорғанынан табылған «Алтын адам – Сармат көсемі». Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекшісі З.Самашев басшылығымен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының қазба жұмыстары нәтижесінде 1999 жылы табылған. Ғалымдардың анықтауы бойынша, бұл алтын киімді адамның өмір сүру кезеңі 2 мың жыл бұрынғы сарматтар дәуіріне жатады және қаза табу кезеңі біздің дәуіріміздің 129 жылы деп тұжырымдайды. Сармат тайпалары – б.з.б ІІІ ғасырдан б.з. ІҮ ғасыр аралығында Тобылдан Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр жазықты мекендеген иран тектес тайпалардың жалпы атауы.
Аралтөбе қорғанынан сармат дәуіріне жататын ерлі – зайыпты адам мен олардың аяқ жағынан екі жылқы және қыран тақылеттес құс қаңқалары кездесті. Отағасының кеуде киімі өте бай асыл бұйым, алтын әшекейлермен безендірілген. Шашын түйген байламшасы, жанында жатқан қару – жарақ, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне шейін алтынмен апталып, оймышталған. Мұның өзі ер адамның кезінде ортасына белгілі иесі, мәселен, тайпа көсемі, яғни қолбасы және дінбасы – абыздықты қатар ұстаған, әрі құс салып, ит жүгірткен саяткер – аңшы адам болғандығын дәлелдейді.
Алтын – тек дәулеттіліктің ғана емес, сенім мен тұрақтылықтың белгісі болып табылады. Біздің бабаларымыздың алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергендігін байқай отырып, байлығының тасқандығы емес, бүгінгі таңға дейін өзінің әсемдігімен таң қалдыратын өнерінің асқандығын көреміз.Көрмеге қойылған Алтын адамдар еліміздің тарихи-мәдени бай мұрасымен жақынырақ танысуымызға мүмкіндік берді.