Kyzylorda-news.kz.  Қазақ танымындағы киіктің киелі екенін біз талқылап жатпаймыз. Кең далада жүйткіген жануар жайында аңыз да көп, жаратылыс жайлы әңгіме де жетерлік. Тағы бір дерек, киіктің төл мекені қазақ даласы деседі. Расымен солай. Өйткені, бөкеннің 90 пайыздан астамы біздің республика аймағында тіршілік етеді.

Ащы шындық, бір уақытта қыруар киікті құртуға өзіміз үлес қостық. Етінен бөлек, тағы бір дүниесіне құнықтық. Теке біткенді топырлата қырып атып, сан келі мүйізді шетелге арттық. Осындай қуғын көрген жануар сонда да қазақ даласынан безбепті. Әсіресе тоқырау жылдары тым азайса да, үйренген аймақтан алыстамаған. Сарыарқа мен Сыр, Торғай мен Орал маңында, кей-кейде Ресейдің Астрахань жеріне дейін өтіп, кейін қайтып келіп отырған.

Бізге белгілі мәлімет, екі мыңыншы жылдардың басында Қазақстанда 23 мың бас киік қалыпты. Содан соң Үкімет оларды қорғау бойынша шара қабылдады. Дұрысы, киіктерді пайдалануға қатысты мораторий енгізілді. Сол қатаң қорғаумен жойылуға аз қалған аңның саны артқан. 20 жылдан астам уақытта олардың саны 2 млн-ға жуықтады. Айтып отырғанымыз биылғы көрсеткіш. Әрі ешкісінің төлдемеген уақытындағы санақ. Ал былтыр киік 1 млн 318 мың бас болатын.

Иә, биылғы әуе санағы бойынша киік саны үш популяция бойынша 597 мың басқа артқан. Оның ішінде ең көп шоғырланған Орал популяциясындағы саны – 1,13 млн, ал Үстіртте 39700 бас киік. Бетпақдала популяциясындағы киік саны биыл 745 мыңнан асқан. Ал 4 жыл бұрын мұнда небәрі 111 мыңнан асатын.

Айтпақшы, биыл да әдеттегідей «Киік» акциясы өтті. Жылдағы дәстүрмен 15 сәуір мен 15 мамыр аралығын қамтыған акцияның міндеті – облыс аумағындағы киік пен өзге де аңдардың тыныштығын күзету. «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының мәліметінше, бұған 35 инспектор, 12 автокөлік, 6 мобильдік топ жұмылдырылған.

– Жалпы киік біздің облыс аумағында да күрт көбейді. Оның себебі, санының артуы. Көп болған соң олар да қоныс ауыстырып, жайылым іздейді. Ал акцияға келер болсақ, бұл еліміздің 12 облысында ұйымдастырылады. Бұған дейін айтқанымыздай, былтыр жүргізілген арнайы санақтың нәтижесінде киік саны 1318 мың басқа көбейген еді. Ал биыл 1900 мың бастан асты. Екіншіден, облыс аймағында да киік төлдеді. Бұрын олар қыста ғана келіп, лақтайтын уақытта басқа өңірге қоныс аударатын. Бұл – 30 жылдан бері болмаған жайт, – дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік филиалының басшысы Расул Маханов.

Сондай-ақ акция барысында «Қызылорда-Ақтөбе», «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Түркістан» бағытындағы жолдарға мобильдік топтар мен арнайы бекеттер жұмыс істепті. Жыл басынан бері инспекторлар қаскөйлердің 6 қылмыстық әрекетіне тосқауыл болып, істі құқық қорғау органдарына тапсырған. Сонымен қатар, 4 әкімшілік құқық бұзу дерегі бойынша айыппұл өндіріліпті.

«Охотзоопром» ӨБ» мекемесімен бірге әр жыл сайын облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы, республикалық, облыстық БАҚ өкілдері және өзге де органдармен бірлескен арнайы іс-шара жоспары жасалып, бекітіледі. Осы бойынша табиғат мүлкін арашалау бағытында аталған мекеме қызметкерлері бірлескен рейдтерді тұрақты жүргізеді.

Екіншіден, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті былтыр желтоқсан айында бұйрық шығарды. Онда айтылғандай, ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде республиканың бүкіл аумағындағы киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға қатысты мораторийді ғылыми негіздемеге сәйкес 2024 жылға дейін ұзартқан. Демек, киік әлі де мемлекет қорғауында деген сөз.

Тағы да оқыңыз: