Kyzylorda-news.kz. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, Қызылорда қалалық «Нұр» мешітінің «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен қыз-келіншектер арасында Құран Кәрімді жатқа оқу бойынша сайыс өтті.
Рамазан айының құрметіне өткен жарысқа «Нұр» мешітінің «Әйел -қыздар» бөліміне қарасты діни сауат ашу курсында білім алушы 25 шәкірт қатысты. Үміткерлер Құранның қысқа сүрелерін жатқа оқу номинациясы бойынша додаға түсті.
Сайысқа қатысушылар Құран сүрелерін нақышына келтіре орындап шықты.
Қазылар алқасының бағалауы бойынша сайыста бақ сынаған 6 қатысушы үздік деп танылды. Жарыстың нәтижесі бойынша І орынды Аружан Бекмырза мен Баян Бахытқызы иеленді. Ал ІІ орын Аружан Раушанбек пен Гүлдана Әбдірашқа бұйырды. Сондай-ақ ІІІ орынды Ханшайым Пазылбек пен Айша Жақсылыққызы өз қанжығаларына байлады.
Жарыс жеңімпаздары қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар қалған қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Айта кетейік, «Әйелдер-қыздар» секторының ұйымдастыруымен облыстағы мешіттердің әйел шәкірттері күнделікті Құран хатым дұғасын жасайды.