Kyzylorda-news.kz. Қатер мен қауіптің ортасында жүріп, басын бәйгеге тігетін тергеушілердің еңбегі ерен. Қылмыстың қым-қуыт құпиясын ашып, салмақты сараптамадан кейін ғана байыпты болжам, тапқыр түйін жасайды. Куәгердің сөзі мен айғақ-дәлелді сабақтап, кінәліні анықтауда кейін шегінбейді. Қылмыскер қолға түсті деп қуанбай, тергеу барысында түрлі сұрақ қойып, істі егжей-тегжейлі зерделеуге көшеді. Сытылып һәм құтылып кетудің амалын жасағанның айласын асыруға мүмкіндік бермей, тергеуге алынғанның бәріне сауатты сауал қойып, құлақ түреді. Демек, тергеуші болу – тиянақтылық пен табандылықты талап етеді. Осы ретте, Қызылорда қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Назым Оразбекпен сұқбаттасуды жөн көрдік.

– Кез келген адам мамандық таңдауда үлкеннің ақылына құлақ асып немесе жүрек қалауына жүгінеді. Осы орайда тергеуші қызметін таңдауыңызға не түрткі болды?

– Адам үш нәрседен қателеспеу керек ғой, соның бірі мамандық таңдаудан. Жаныма жақын саланы таңдауда жаңылыспадым. Негізінен әкем де құқық қорғау саласында қызмет атқарған. Қоғам тыныштығын сақтауда қатерге қарамастан, күндіз-түні жұмыс істегенін көріп өстім. Содан болар, бала кездегі арманым – әкемнің ізгі ізін жалғап, қылмыстың алдын-алып, қоғам қауіпсіздігіне үлесімді қосу болды. Арманымның арқасында алға мақсат қоя білдім. Таңдаған бағытым бойынша білім алып, салаға бейімделдім. Соның нәтижесінде бүгінде тергеу саласында жүрмін.

– Қоғам тыныштығын қадағалап, қылмыскерді құрықтау оңай емес. Жауапты қызметке орналасқаныңызға қанша уақыт болды? Осы уақытқа дейін қанша қылмысты әшкереледіңіз?

– Істің ақ-қарасын анықтап, кінәліні тап басып тану, заң шеңберінде әрекет ету қырағылықты қажет етеді. Тергеу ісінде тиянақтылық танытпасаң бұлтартпас дәйекті көз алдыңда жоғалтып, қылмыскер сытылып кетуі ықтимал. Сондықтан келеңсіздік пен кикілжің туындатпай, қоғам тыныштығын сақтауда еңбек етіп келемін. Тергеу барысында төзімділік пен шыдас беретін шыдамдылық керек. Ізін суытып үлгергісі келгеннің жолын бөгеп, айыбын заңмен анықтау сауаттылықты талап етеді. Жұмыс тәжірибеме 1 жыл уақыт болды.  Осы күнге дейін бірқатар қылмыстық істерді сотқа жібердім.

– Бұл – уақытпен санаспайтын мамандықтың бірі. Кейде қыруар жұмыстан қажып кететін кез бола ма?

– Менің ойымша оңай жұмыс болмайды. Әр саланың өзіндік қиыншылығы бар. Өзім таңдаған мамандық болғандықтан машақатына да төзіммен қараймын. Жұмысымды қызығушылықпен жасағандықтан уақыттың қалай демде өтіп кеткенін байқамай да қаламын. Қызметіміз тікелей халық қауіпсіздігіне қатысты болғандықтан, түнде көз ілмейтін кездер болады. Күндіз қайта жұмысқа кірісуге тура келеді. Дегенмен жауапты істің жүгін көтергеннен кейін әлденені сылтау етіп, «шаршадым, қажыдым» деп қынжылмайды екенмін. Тергеу ісіне табандылық қажет деп дұрыс айттыңыз. Мұндай қасиет қызметкер бойынан табылмаған жағдайда өзің қалаған жетістікке қол жеткізе аласың. Тіпті айғақтарды тауып, қылмыскерді табу да қиынға соғады.

– Тергеуші қызметіне қатаңдық та тән. Дегенмен тергеу бары¬сында жүректі қозғап, көңілді құлазытып жіберетін жайттар кездесе ме? Мұндай жағдай басыңыздан өтті ме?

– Әрине ондай жағдайлар кездесіп тұрады. Адам өмірі жауапкершілігімізде болғандықтан, қалт жібермей дәлел жинау міндетіміз. Алайда адамның қылмыстық құқық бұзушылығын толық дәлелдеп, қылмыстық іс материалдарын сотқа жолдағанда немесе бұлтартпау шарасын қолданғанда адами тұрғыда жүрегім ауыратыны рас. Сонымен бірге өзінің жан айқайын жеткізіп, алдымызға көмек сұрап келетін адамдарды көргенде де қобалжимын.Қандай да бір қиындыққа ұшыраған жандарға қол ұшын созып, заңды шешім қабылдауға тырысамын. Темірдей тәртіпті ұстанып, қаталдықты бойға сіңіргенімізбен орын алатын кей жағдайлар ет жүрегіңді езіп жібереді.

– Жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап келесіз. Осы жолда сізге жігер беретін не? Ұстанымыңыз қандай?

– Көмек сұрап келген жандарға қол ұшын беруге мүмкіндігімнің бар екені, оларға көмектесе алатыным мені жігерлендіреді. Менің өмірлік ұстанымым біреудің ала жібін аттамау, әділдікті сақтап, шынайы болу.

Тағы да оқыңыз: