Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының ұйымдастыруымен Қазақстан Суретшілер және Қолөнершілер одағының мүшесі, суретші, зергер, ұста, Бекзат Жақыповтың «Құсқанат ғұмыр» атты көрменің ашылуы өтті. 

Мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, ұлттық салт дәстүріміздегі кейбір ұмытыла бастаған рухани ұғымдарды халық арасында кеңінен насихаттау. Бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп,  жаңғырту жұмыстарын келешек ұрпаққа кәсіп ретінде дамыту. 

Көрмеге Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жанұзақов Қуаныш Қуантқанұлы, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Елеусінова Гауһар Ыбырайқызы, Түркістан облысынан келген қолөнер шеберлері Фаридаш Әділбекова, Насипа Алиева, және Қазақстан Қолөнершілер және суретшілер одағының мүшелері, туыстары, студенттер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. 

Бүгінгі көрмеге 100-ден аса жаңғырған жәдігерлер қойылды. Оның ішінде  ұстаның қолынан шыққан көздің майын тауысатын зергерлік бұйымдар, ер қаруы - бес қару, ағаш бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде орын алған құсқанат, оймақты, кимешек жүзіктер, тұсаукесер әшекейі, шашқап, жастықағаш, домбыраның ашасы, қоссазы соған бірден-бір дәлел.

Көрме барысында шебердің ұлы Шыңғыс Бекзатұлы  келген қонақтарға күмістен білезік жасау шеберлік сағатын көрсетті. 

Жақыпов Бекзат 1974 жылы Қызылорда қаласында туған. 1993 жылы Алматы көркемсурет  училищесінде зергер мамандығы бойынша дәріс алды. 1998 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Гуманитарлық университетін бітірді. 

Жақыпов Бекзат еңбек жолын мұғалімдіктен (1993-1997) бастаған. 2004 жылдан Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. 2018 жылы Қолөнершілер одағының мүшесі. Қазіргі таңда Қолөнершілер одағының Қызылорда облысындағы өкілі (2021 жылдан бастап) қызметін атқарып келеді. 

Облыстық көрмелермен қатар, «Жігер» жастар шығармашылығы фестиваліне (1998), «Шабыт» Халықаралық жастар фестиваліне (1999, 2000, 2004) қатысқан. Бекзат Жакипов темір мен асыл тастарды көркем өңдеу өнерін меңгерген. Бұл шебердің өзіндік қолтаңбасы қазақ зергерлерінің тәжірибесіндегі халық дәстүрі мен әдіс-тәсілдердің интерпретациялық шығармашылығына негізделген. Туындылары Қазақстан музейлерінде жеке коллекцияларда  сақтаулы.

Көрме, 2023 жылдың 14 қаңтарына дейін келушілерге қызмет көрсетеді. С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының ұжымы қызылордалықтарды көрмені тамашалауға шақырады. 

320153664_1343420396470790_2278977978225247621_n.jpg
320234371_459769596365434_7038763166614342035_n.jpg

Тағы да оқыңыз: