Ана тілін ардақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және еліміздегі барлық этностардың тілдеріне құрметпен қарау қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтудың маңызды тетігі. Осы бағытта Қызылорда облысында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, 2-11 қыркүйек аралығы Тілдер мерекесінің онкүндігі болып жарияланды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов баяндады.
Биылғы онкүндік аясында әр күнге арнайы тақырыптар белгіленіп, балалардан бастап жастарға, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам өкілдеріне дейін қамтитын түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады.
«Онкүндіктің алғашқы күні «Тіл болашағы - балабақшада» тақырыбына арналды. Қаладағы «Жұлдыз» балабақшасында өткен «Тілді сүю – талбесіктен» акциясы бүлдіршіндердің ана тілін ерте жастан меңгеруіне бағытталды. 3 қыркүйек – «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі» күні. Ал 4 қыркүйек – «Тіл. Бірлік. Болашақ» күні Достық үйінде Тілдер мерекесінің негізгі шарасы облыстық форум өтеді. 5 қыркүйек «Тіл туралы толғамдар» күні бұқаралық ақпарат құралдарында ғалымдардың тіл білімі саласындағы зерттеулерінен мысалдар жарияланса, 6 қыркүйек «Тіл - ғұмыр» күні Ахмет Байтұрсынұлының тіл туралы нақыл сөздері әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталады. 7 қыркүйек «Тіл шебері» күні аясында Қазалы ауданында мекеме қызметкерлері арасында эссе жазу, Шиелі ауданында жоғары сынып оқушылары арасында шығарма жазу байқаулары өтеді. Ал Достық үйіндегі Қоғамдық келісім және тіл орталығында «Полиглот» сайысы ұйымдастырылады. 8 қыркүйек «Ұлт тілі - ұрпақ үні» күні жастардың тілге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған интеллектуалды және шығармашылық сайыстарға ұласады. 9 қыркүйек «Тіл әлемі – білім әлемі» күні Қызылорда қаласында «Тілім менің - елдігімнің тұғыры» брейн-ринг сайысы, Жалағаш ауданында этнос өкілдері арасында ұлттық ойындар, Қармақшы ауданында «Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіледі. 10 қыркүйек «Мемлекеттік тіл қоғамдық көліктерде» күні Қызылорда қаласының қоғамдық көліктерінде «Тіл тазалығы» акциясы өтеді»,- деді басқарма басшысы.
Ал онкүндіктің қорытынды күні 11 қыркүйек «Өнер мен тіл - ел мұрасы» тақырыбына арналады. Сырдария ауданында «Өнердегі ұлт үні: Ахмет тағылымы» өнер фестивалі, Арал ауданында жасөспірім термешілер арасында «Кәнеки, тілім сөйлеші» байқауы, Қызылорда қаласында «Менің сенімді досым туған тілім» лингвистикалық ойыны өтеді.
