Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Қазақ саңыраулар қоғамы» Қызылорда облыстық филиалында мерекелік шара өтті.

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова 3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күніне орай «Қазақ саңыраулар қоғамы» Қызылорда облыстық филиалында өткен мерекелік шараға қатысты.   

Шара барысында қала әкімінің орынбасары жылы лебізін білдіріп, қоғам мүшелеріне мерекелік сый тарту етті.

«Қазақ саңыраулар қоғамының» Қызылорда облыстық филиалына 163 естуі бойынша мүгедектігі бар адам тіркелген. 

Саңыраулар қоғамы естуі бойынша мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс жасап, олардың мүдделерін білдіру және құқықтарын қорғау, әлеуметтік оңалту, мемлекеттік және үкіметтік емес құрылымдармен әлеуметтік әріптестік орнату, қоғамдық өмірге тарту секілді шараларды жүзеге асырып келеді.

Бүгінде «Қазақ саңыраулар қоғамының» Қызылорда облыстық филиалының мүшелеріне 17 ымдау тілінің кәсіби мамандары қызмет көрсетсе, естуі бойынша 7 адам тұрақты жұмыспен және 20 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған.

Айтулы күнге орай, мерекелік шара зағиптар қоғамында да өтті. «Қазақ соқырлар қоғамы» клубы көркемөнерпаздарының қатысуымен өткен шараны ұйымдастыруға «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы мұрындық болды.

Аталған шараға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова қоғам жетекшісіне қала әкімінің «Алғыс хатын» табыстап, қоғам мүшелеріне мерекелік сый тарту етті.

«Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалында көзі нашар көретін 1,2 топ мүгедектігі бар 653 адам тіркелген. Қазіргі таңда аталған қоғам көзі нашар көретін мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс жасап, олардың мүдделерін білдіру және құқықтарын қорғау, әлеуметтік оңалту, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік әріптестік орнату, қоғамдық өмірге тарту секілді шараларды жүзеге асырып келеді.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, бір миллиардтан астам адам – әлем халқының шамамен 15 пайызы мүгедектіктің қандай-да бір түріне ие. Ал Қызылорда облысында 31 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған.

317491705_1939589849766112_4764583548175505516_n.jpg
316959784_1939590139766083_968720394889844088_n.jpg
317475498_1939590009766096_178465027246874064_n.jpg
317558217_3246460908953978_7299032027914827288_n.jpg

Тағы да оқыңыз: