Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінде жоспарға сәйкес, арнайы оқу жаттығу кешені өтті. Жаттығу барысында жеке құрамның білімі мен практикалық дағдылары, сондай-ақ жоспарға сәйкес әрекет ету дайындығы тексерілді.
«Жаза өтеуден жалтару және бой тасалау дерегі» бойынша өткізілген оқу-жаттығуға Қызылорда облыстық Полиция департаментінің Жол патрульдік полиция қызметкерлері, кинологиялық қызмет орталығы, мекеме қызметкерлері атсалысты. Оқу-жаттығу барысында сотталған азаматтың мекемеден бой тасалаған жағдайда бастапқы ден қою алгоритмдері іс жүзінде жүргізілді.
«Бұл оқу-жаттығу кешені мекеме қызметкерлерінің қызметтік, жауынгерлік және кәсіби дайындықтарының жақсы деңгейде екендігін көрсетті. Әрдайым қызметкерлер оқу-жаттығудан үнемі жоғарғы нәтиже көрсетіп, өздерінің не нәрсеге де сақадай сай екендерін дәлелдеп келеді. Жаттығу аяқталғаннан кейін қорытындылар шығарылып, мекеме басшылығы тарапынан тиісті сала қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берілді», – деп атап өтті мекеме бастығының режим және жедел жұмыстары жөніндегі орынбасары А.Мамбетов.
