Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға орай, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес басқарма тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
2023 жылы мал иелері қаржысы есебінен 117,4 мың бас (мүйізді ірі қара – 45,7 мың бас, Уақ мал – 60,5 мың бас, Түйе – 3,0 мың бас, Жылқы – 8,2 мың бас) ветпрепараттармен (ивен, ивермек тағы басқа) алдын ала егілді.
Кенеге қарсы ветпрепараттармен егу экто паразиттермен қоса эндо паразиттерді де жойып алдын алады.
Айта кету қажет, облыстық, қалалық және аудандық баспасөз құралдарында КҚГҚ ауруының клиникасы, емдеу, алдын алу, кенеден сақтану шаралары, аурудың зардаптары туралы халық арасында кеңінен насихаттық-түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Облыс әкімінің 24.02.2023 жылғы № 33 қаулысымен бекітілген Конго – Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша санитариялық –эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі жоспарды басшылыққа ала отырып, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарламасына сәйкес ветеринариялық ұйымдар арқылы бүгінгі таңда 32 (отыз екі) мал иелерінің қора-жайларын залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенелерден сақ болғаны жөн.
Жұмыс кезінде ұзын жеңді, ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып, денені барынша жабық ұстаған жөн. Малды күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында аса сақтықпен (жалаңаш қолмен алуға болмайды) денесі мен киімдерін кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.
Кене шаққанда өздігіңізбен емделуге болмайды. Себебі, денеге жабысқан кенені дұрыс алмасаңыз, жағдайыңыз тіптен нашарлап кетуі мүмкін. Өзіңіз жұлып тастасаңыз, тұмсығы теріде қалып қояды. Оны байқау өте қиын.
Егер сіз денеңізден кене байқасаңыз, оған сұйық май жағудың қажеті жоқ. Май жаққан кезде кене күйзеліске ұшырап, жараға одан да көп зарарлы сілекей бөледі. Оны сығудың да қажеті жоқ. Одан да жіп алып, кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап, асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша ақырын тарту керек. Шаққан жерді антисептик немесе спиртпен өңдеу керек. Өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, мазасыздансаңыз немесе күдіктенсеңіз міндетті түрде уақытылы дәрігерлерге жүгіну қажет.