Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында өндірісті өркендетіп, инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды жоба бастау алды. Аймақта «Қорқыт Ата» атты жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылып, ол заманауи кәсіпорындарды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Бұл АЭА Қызылорда қаласы маңында, халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізіне жақын орналасады. Бұл туралы бүгін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілхайыров Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мәлімдеді.
- Қызылорда облысында өндіріс пен инвестицияны дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық жоба - «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. АЭА Қорқыт ата халықаралық әуежайы маңында, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне жақын орналасқан 550 гектар аумақты қамтиды. Аймақ үш негізгі бағытта дамиды: авиацияға қызмет көрсету, көтерме-бөлшек сауда және қоймалау, сондай-ақ өнеркәсіптік өндіріс. Бұл бағыттар заманауи инфрақұрылымды қалыптастырып, шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды орта ұсынбақ. Алғашқы жобалар қатарында құрылыс индустриясына арналған зауыттар, жүн және тері өңдеу, киім және тоқылмаған материалдар өндірісі жоспарланған. АЭА қатысушыларына салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Жоба аясында 3 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылып, жалпы 150 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, жобалар іске асыру үшін мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамту және жер телімдерін тегін жалға беру қарастырылған. «Қорқыт Ата» АЭА Қызылорда өңірінің экономикалық дамуына тың серпін беріп, оны еліміздің ірі өндірістік және логистикалық хабтарының біріне айналдыруға жол ашады,-деді Дәурен Тұрғанбайлы.