Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Достық үйінің хореография залында облыстық неміс этномәдени бірлестігі «Wiedergeburt»-тің ұйымдастыруымен «Гүлдер сыры» – «Blumenzauber» атты шеберлік сабағы өткізілді.
Іс-шараға өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Шеберлік сабағын «Daralace» шығармашылық үйінің дизайнерлері Светлана Цой мен Ирина Конецка жүргізді. Олар қатысушыларға органза матасынан (жеңіл әрі мөлдір мата) канзаши техникасымен гүлді әшекейлер жасаудың қыр-сырын үйретті.
Қатысушылар тың техникамен танысып, қолөнерді тәжірибе жүзінде меңгерді. Нәтижесінде жасалған әдемі гүлдер шашқа тағатын әшекейге және киімге сән беруге лайықталып безендірілді. Әрбір қатысушы өз қолынан шыққан туындысын естелікке алды.
Шара соңында неміс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ирина Шек барша қатысушыға ризашылығын білдіріп, қолөнер арқылы мәдениеттерді жақындастырып, шығармашылықты дамытуға үлес қосқанын атап өтті.