Kyzylorda-news.kz. Бүгін Достық үйінде Қызылорда облыстық және Шымкент қаласының Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтарының тәжірибе алмасу отырысы өтті. 

Шараға Шымкент қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Саипжамал Қорғанова, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру және тәрбие» бөлімінің басшысы Қайрат Анарбаев, Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі, облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Айгерім Алиева, өңірлік ғылыми-сараптама тобының жетекшісі мен мүшелері қатысты.

Отырыстың алғы сөзін алған Шымкент қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі, өзбек этносының өкілі, философия ғылымдарының кандидаты, 38 жыл ғылым мен педагогика саласында қызмет еткен Саипжамал Қорғанова ғылыми-сарапшылық топтың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. Толыққан тәжірибесімен бөлісті.

«Біздің өңірдегі топ мүшелігінде 12 адам бар. Бекітілген жоспар бойынша жұмысымызды жүргізіп келеміз. Өңірімізде 108 этнос өкілі бар болса, 16 этномәдени бірлестіктер белсенді жұмыс істейді. Әр жыл сайын топ мүшелерінің монографиялық еңбектері жарық көруде. Сан ғасырлар өтсе де мұқалмаған тіліміз туралы және шекарамыз жайлы атадан жеткен асылды бүгінгі ұрпаққа жеткізу баршамыз үшін парыз. Қазақ жеріндегі қай ұлт пен ұлыс болмасын, олар өмір сүретін елдің ұлттық тарихы мен мәдениетін, жалпы ділін білуі керек. Туған өлкесінің салт-санасын бойына толыққанды сіңірген тұлға ғана кез келген жерде «Мен қазақ елінің азаматымын!!!» дей алады. Мемлекет басшысы ҚХА 32 сессиясында елдің бірегейлігі мен бірлігін нығайту мәселесін алға тартты. Біз ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы бірегейлікке қол жеткізе аламыз. Осы бағытта жұмыстарды одан әрі жандандыра түспекпіз», - деді Саипжамал Қорғанова.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Рухани жаңғыру және тәрбие» бөлімінің басшысы Қайрат Анарбаев қазіргі елдегі жүріп жатқан реформалар, мемлекеттік билік пен халықтың арасының алшақтап кетуі, тіпті цифрлық технологиялардың кіруі еліміздің алдында жаңа проблемалардың туындап отырғандығына тоқталып өтті.

«Қоғамдағы келісім білім мен қатар тәрбиеге тікелей қатысты. Осы ретте «Ұлтқа, елге қызмет істеу - бұл мінезден», деген Әлихан Бөкейханұлы сөзі еске түседі. Біздің бабаларымыздың жалаң ұраншылдықпен емес, өзінің кең де толерантты мінезімен, дана ойымен бүкіл әлемге танылды. Олай болса, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Естуші мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асыратын бірден-бір мекеме «Қоғамдық келісім» мекемесі деп білемін. Әсіресе ғылыми-сарапшылық топ мүшелері халықтың тамырын ұстап, қоғамның тынысы болып, мемлекеттік басқарудың барометрлік қызметін атқаруды естен шығармауымыз қажет. Халықты тыңдай білген мемлекет қана әрбір меселенің алдын алады. Қоғамдағы келісімді сақтай отырып, халық пен билік арасындағы көпір болуға үлесімізді қосуымыз қажет», - деді Қайрат Анарбаев.

Келелі кездесуде қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастар мәдениетін қалыптастыру тәжірибесі, проблемалары және перспективалары туралы сөз қозғалды. Екі өңірдің ғылыми-сараптама тобының мүшелері этностар арасындағы мәдени қарым-қатынас пен мемлекеттік тілді меңгеру және олардың қоғамдағы рөлі жайлы тақырыптарды қаузалады. Жиынға келгендердің ортақ әңгімесі алыс-жақын шетелдердегі болып жатқан саяси оқиғалардан көптеген елдер сабақ алуы керек дегенге сайды. Этностар арасындағы толеранттылық, яғни, төзімділік тақырыбы да сөз болды. Өңірлік ғылыми-сарапшылық топтың белсенді мүшелері Дастан Сәтбай, Баймырза Қожамберлиев, Әлібек Жаппасбаев, Мұрат Насимов өз пікірлерін ортаға сала отырып, Шымкенттік әріптестеріне бірнеше бағыттар бойынша сұрақтар қойды. Өзара пікір таластырды.

Жиын соңында екі өңірдің ғылыми-сарапшылық топ өкілдері отырысты қорытындылап, естелік суреттерге түсті.

Тағы да оқыңыз: