Kyzylorda-news.kz. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Қызылордада Достық үйінде «Бейбітшілік және келісім тұрақтылық негізі» атты аймақтық этномәдени бірлестіктер, діни конфессия өкілдері арасында кездесу өтті.

«Қоғамдық келісім» КММ және Дін мәселелерін зерттеу орталығының бірлесіп өткізген шарасында өңірдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында әзірленген бейнеролик көрсетілді. Бейнероликте еліміздегі дін өкілдерімен қатар этнос өкілдерінің де тұрақтылық пен бейбітшілік жолындағы еткен еңбектері көрініс тапқан.  

Кездесу модераторы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров өз сөзінде қазақ халқы ешқашан өзгенің өзегінен теппегенін айтты. 

«Жалпыұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу, мағыналы халық арасындағы келісімге негізделеді. Осындай өзекті мәселелер алдында Қазақстанның беті ашық, жүзі жарқын деуге әбден болады. Қазақ елінің тағдыры тауқыметті болғанымен, ешқашан өзгені өзегінен теппеген. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгелі этносаралық татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, олардың қауіпсіздігі мен бейбіт тұрмысын қорғауға бар күш-жігерін салып келеді. Этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті көңіл бөлініп келеді. Қазақстан зайырлы мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына баса мән береді», - деген Дәулет Омаров 26-27 сәуір күндері елордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 32 сессиясындағы көтерілген мәселелерге баса назар аударды.

Қызылорда облыстық дін істер басқармасының бас маманы Сәулет Сахиев Мемлекет басшысының қоғамды жаңғырудағы ауқымды реформалары, осы бағыттағы облыстық дін істер басқармасының атқарып жатқан игілікті жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті.

Шарада өңірдегі этномәдени бірлестіктердің және діни конфессия өкілдерінің ұсыныстары тыңдалды.  Ең бастысы еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың, этносаралық келісім мен татулықты дамытудың маңыздылығы сөз болды.

Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, кездесу пікір алмасуға ұласты.

343809557_201140462676014_1117858173100487895_n.jpg

Тағы да оқыңыз: