Kyzylorda-news.kz. Қызылордада ерекше жәрмеңке өтті. «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ-нің ұйымдастыруымен өткен мүгедектігі бар тұлғалардың қолөнер көрмесіне 20 қолөнерші қатысып, өз бұйымдарын халыққа ұсынды.
Жәрмеңкеге осы азаматтардың қолынан шыққан этно стильде киім, аяқ киім және әшекей бұйымдар, қолдан жасалған кілемдер, кәдесыйлар, ағаш және керамикалық ыдыс-аяқтар, заманауи күміс және бедерлі әшекейлер, тамаша сөмкелер мен қолдан жасалған ойыншықтар, тастан жасалған қазақ белгілері бар әшекейлер және тағы басқа бұйымдар қойылған. Мұның өзі өмірге құштар жандар үшін үлкен қолдау екені сөзсіз. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандардың шексіз мүмкіндіктерінің айқын көрінісі.
Жәрмеңкенің басты мақсаты рухани мұраны сақтауға, оның мәдениетін және салт-дәстүрлерін сақтауға, Қызылордада қолөнер шеберлігін дамытуға және оны жастар арасында танымал етуге атсалысу болып табылады. Қолөнершілермен тікелей байланыс орнату, халық қолөнерін жаңғырту және дамыту, қолөнершілерді қолдау біздің міндетіміз, – дейді қолөнерші Әсия Сарықұлова.
Осындай ізгі шаралар арқылы адамдар арасында мейірімділік артады. Алдағы уақытта да осындай қайырымдылық шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұратын болады.