Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мәдени-танымдық шара өтті. Іс-шараны «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

«Kinoplexx 8» кинотеатрында өткен шараның басты мақсаты – мүгедектігі бар балаларды қоғамдық ортаға бейімдеу, олардың мәдени өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру және инклюзивті қоғам құндылықтарын насихаттау.

Шара барысында балалар мен олардың ата-аналары «Папасының қызы» көркем фильмін тамашалады. Фильм жалғызбасты әкенің қызының үлкен саяхатқа шығу арманын орындау жолындағы қызықты оқиғаларын баяндайды. Әсерлі туынды әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік пен өзара түсіністікті, отбасы құндылықтарын дәріптейді.

кино.jpeg

«Біз әр баланың күліп, армандап, кино кейіпкерлерімен бірге әсерлі сәттерді бастан өткеруге құқығы бар деп санаймыз. Осындай шаралар арқылы ерекше балалардың мәдени қажеттіліктеріне қоғам назарын аударып, олардың ортаға бейімделуіне қолдау көрсетуді көздейміз», – деді «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Сиюов.

кино 1.jpeg

Іс-шараға 30 ерекше қажеттілігі бар бала мен олардың ата-аналары қатысты. Шара соңында балаларға арнайы әзірленген бағалы сыйлықтар мен тәттілер табысталып, көтеріңкі көңіл күй сыйланды.

Тағы да оқыңыз: