Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева биыл су тапшылығы мәселесін оңтайлы шешу мақсатында елді мекендерге 114 насос қондырғысы орнатылғанын айтты.
«Соңғы жылдары аймағымызда су тапшылығы мәселесі орын алып келеді. Бұл ретте, Сырдария өзеніндегі су тапшылығының алдын алу мақсатында биылғы жылы Үкімет резервінен 3,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, бөлінген қаржыға нақты елді мекендерге 114 насос қондырғысы жеткізіліп беріліп, 45 ұңғыманың бұрғылау жұмыстары мен 16 каналды тазалау жұмыстары жүргізілді», - деді Айнұр Маратқызы.
Сыр өңіріндегі су тапшылығына байланысты негізгі дақыл күріш егістіктері қысқартылған болатын.
«Өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектар күріш алқабы қысқартылып, оның орнына суды аз қажет ететін мал азықтық дақылдар мен қатар картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемдері 7,3 мың гектарға ұлғайтылды. Сондай-ақ, егістікті әртараптандыру бағытындағы дақылдарды ұлғайту шаралары жалғасын тауып, 1945 гектар жүгері, 189 гектар соя, 358 гектар қант құмайы, 3,5 гектар қант қызылшасы егілді», - деді Айнұр Тілеулеева.
Басқарма басшысының орынбасары брифинг барысында облыс әкімінің жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар азықтармен қамтамасыз етуі үшін тапсырылған бірқатар тапсырмасына сәйкес атқарылған жұмыстарды да саралап өтті.
«Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың өзін-өзі картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша тиісті іс-шаралар іске асырылды. Бұл мақсатта Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда 1433 гектар қосымша жер дайындалды. Бұл аумақтар 6802 отбасыға бөлініп берілді.Бұл өз кезегінде өңірдің аграрлық аймақ ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізуде», - дейді Айнұр Маратқызы.

