Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда қаласы бойынша 814 азаматқа мемлекеттік грант беру қарастырылған. ІV лек бойынша қазіргі таңда 539 адамнан өтінім қабылданды. Оның ішінде 269 адамға грант беру жоспарланған. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жақсылық Төлегенов мәлімдеді.
Оның айтуынша өтінім берушілердің саны артуына байланысты бүгінде ІV лек бойынша өтінім қабылдау аяқталған.
Сонымен қатар, Қазақстанның барлық қалаларынан бір мезетте business.enbek.kz порталы арқылы өтінім берушілер санының көп болуына байланысты жиі-жиі техникалық ақаулар орын алған болатын.
«business.enbek.kz порталы Республикалық деңгейдегі сайт екендігін түсіндіреміз және қандайда бір алдын алу және ақауды болдырмау сынды әрекеттерді жасау мүмкіндігі қарастырылмаған. Көрсетілген қағида талаптарына сәйкес мемлекеттік грантқа жиырма тоғыз жасқа толмаған және халықтың әлеуметтік осал топтары үміткер бола алады. Мемлекеттік грантқа өтінім берген тұлғаның осы көрсетілген санатқа жататынын не жатпайтындығын анықтау business.enbek.kz порталы арқылы автоматты түрде жүргізіледі», — деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нұржан Өмірзақов.

