Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық ветеринария басқармасы басшысы Шахмардан Қойшыбаевтың айтуынша, биылғы жылдың 10 айында 35 мыңнан аса ит пен мысыққа екпе егілген.

Қызылорда қаласында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енгенше 1300 бас қаңғыбас ит ауланып жойылған. Бүгінде аймақта тұрғындардың өтініштері бойынша адам денсаулығына қауіп төндірген және агрессивті иттер аулануда. 

«Қызылорда облыстық мәслихаттың ХХ сессиясында «Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру», «Үй жануарларын ұстау және серуендету» қағидалары бекітілді. Сонымен қатар, иесі бар иттер мен мысықтарға құтыру және эхинококкоз ауруларына қарсы жылда тұрақты алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылдың 10 айында 29,6 мың бас ит, 5,5 мың бас мысық егілді», - дейді Шахмардан Қойшыбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі күні, ҚР Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес бюджеттік бағдарламалар айқындалып, оның ішінде «Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау», «Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды сәйкестендіру», «Қаңғыбас жануарларды вакцинациялау және стерилизациялау», «Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіру» жұмыстарын ұйымдастыру облыстың ветеринария басқармасына жүктеліп отыр.

«Аудандардағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне «Жануарларға арналған панажайлар, уақытша ұстау пункттерін салу», «Үй жануарларына арналған панажайларды, уақытша ұстау пункттерін ұстау» жұмыстарын ұйымдастыру құзыреттіліктері берілді. Осыған байланысты басқарма тарапынан жануарларды аулау, күтіп ұстау, сәйкестендіру, вакцинациялау, стерилизациялау жұмыстарына қажетті қаржы көлемінің жобасы 458,7 млн. теңге есептелді. Ал аудан, қала әкімдері панажайлар, уақытша ұстау пункттерін салуға жер телімдерін әзірлеп, қажетті қаржы көлемін есептеп, жоба-сметалық құжаттарды әзірлеу пысықталуда», - дейді Шахмардан Қойшыбаев.

316308609_1673949456333893_695150121747757026_n.jpg

Тағы да оқыңыз: