Kyzylorda-news.kz 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қызылорда қаласындағы Достық үйі алаңында «Бейбіт ел – бақытты бала» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ ұйытқы болған шара балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және бейбітшілік пен татулық құндылықтарын дәріптеуге арналды.
Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлігі «Бейбіт ел – бақытты бала» тақырыбындағы сурет байқауымен өрбіді. Байқауға қатысқан балалар өз ой-қиялын қағаз бетіне түсіріп, бейбіт қоғам, достық пен жарқын болашақ туралы көзқарастарын көркем бейнелеуге тырысты. Жас суретшілердің туындыларынан балалық шынайылық пен ізгілікке ұмтылыс анық байқалды.
Іс-шараның ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ директорының орынбасары Мартана Дәулетбаева сөз сөйлеп, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады. Ол балалардың алаңсыз күлкісі мен бақытты балалығы қоғамның басты құндылығы екенін атап өтті.
Мерекелік кештің жүргізушісі – облыстық неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Ирина Шек қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, шараның мазмұнды өтуіне үлес қосты.
Бағдарлама әрі қарай «Адажио шоу» орталығы ұйымдастырған ойын-сауық бөлімдерімен жалғасты. Қызықты сайыстар мен қимылды ойындарға белсенді қатысқан балалар мерекелік атмосфераны сезініп, достарымен бірге көңілді уақыт өткізді. Шара барысында балаларға балмұздақтар таратылып, көтеріңкі көңіл күй сыйланды.
Сурет байқауының қорытындысында барлық қатысушы жеңімпаз ретінде марапатталды. Осы ретте Ирина Шек балаларды мерекемен құттықтап, олардың шығармашылық ізденістеріне сәттілік тіледі.
Мерекелік іс-шара Достық үйінің концерт залында жалғасын тауып, балаларға анимациялық фильм көрсетілді. Танымдық мазмұндағы туынды жас көрермендердің қызығушылығын арттырып, ерекше әсер қалдырды.
Шара соңында қатысушыларға ойыншықтар мен кітапшалар табысталып, мереке мейірім мен шаттыққа толы әсерлі сәттермен қорытындыланды.
