Kyzylorda-news.kz    Аймақта жуырда ғана облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен өңірдегі цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту мәселелеріне арналған жиын өткен болатын. Пилоттық режимде іске қосылған «Сергек» жобасы аясында да қала аумағына 100 қоғамдық бейнебақылау камерасы мен жылдамдықты өлшеуіш 10 құрал қойылды. Мұнан бөлек, жедел басқару орталықтары жаңғыртылып, 7 аудан орталығына да бейнебақылау камералары орнату жоспарланып отырғаны баяндалған еді. 

Бұл камера жол тәртібін бұзушыларға тосқауыл қоя алатын басымдыққа ие. Бірақ көптеген көлік жүргізушісі бұл құрал туралы толыққанды біле бермейді. Сол себепті «Сергектің» сырына үңілмекпіз. 

Еліміз бойынша жалпы саны 34 мыңнан асатын бейнебақылау камерасы бар. Ол – жылдамдық шегін, жол ережелерінің сақталуын, қарама-қарсы бағытқа дұрыс өтпеу, тұтас сызық жолағын басып өту, бағдаршамға тоқтау, дұрыс аялдау орындары мен қауіпсіздік белбеуі және өзге де жолда болатын жағдайларды қадағалауға мүмкіндігі бар бірден-бір озық құрал. Жол- патрульдік полиция қызметкерлері үздіксіз қала көшелерін торуылдайды. Дегенмен көзден таса жерде болған жайттарды камераға сеніп тапсыруға болады.

Камера технологиялық тұрғыдан сынға ұшырамайды. Ол қар мен жаңбырға, еліміздің кез келген ауа райында келеңсіздікке төтеп бере алады. Сондай-ақ оның қызметін жақсарту үшін Sergek Group камерамен бірге жұмыс істейтін инфрақызыл жарық құрылғыны қосты. Бір камераға 3 инфрақызыл жарық құрылғысы жалғанған. Оның көмегімен жолдың әрбір жолағын қадағалауға, түнгі уақытта барлауға, автокөлік салонына қарауға, қауіпсіздік белдігін таққан-тақпағанын, темір тұлпардың нөмерін, жүргізушінің бет-әлпетін анықтауға болады. Камера түнгі уақытта да өз жұмысын мінсіз атқарады. Оның қызмет ету мерзімі 10 миллион циклге жетеді, сондай-ақ барлау аймағы үш қозғалыс жолағын қамтуға қауқарлы.

Қызылорда қаласында 100 камера орнату жұмыстары жүргізілуде. Камера объективіне түскен көлік туралы дерек 1 ай, ал ол жолда жүру ережесін бұзған болса, бұл ақпарат базада мәңгі сақталады. Негізі камера 30-80 м қашықтықта ереже бұзушыны анықтайды, мұны жүргізуші байқап та үлгермейді.

Осы жылдың көктем айларында болған су тасқыны кезінде Sergek Group компаниясы өңірдегі жағдайды қадағалауға мүмкіндік берді. Тұрғындар gov.kz сайты арқылы тасқынды камералар арқылы бақылауда ұстады.

– Инфрақызыл сәулелер кез келген ауа райы жағдайында жұмыс істейді. Қуаты өте жоғары әрі әсер ету индексі де қуатты. Бір құрылғы 10 миллион циклге дейін қызмет етеді. Жарықтандыру диапазонына байланысты қозғалыстың үш жолағын қамти алады, – дейді Sergek Group компаниясының өкілі.

Өткен айда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев нысандарды аралап, демеушілердің жұмыстарына шолу жасаған болатын. Кездесу барысында облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла Қызылорда қаласындағы бейнебақылау жұмыстарымен және жаңа «Қауіпсіз қала» жобасымен таныстырды. 2029 жылға дейін жүзеге асуы тиіс жоба аясында халық көп орналасқан жерлерде 1400 камера, 19 интеллектуалды қиылыс пен 58 жылдамдық өлшегіш, сондай-ақ 20 Sergek Qorgau мобильді жұмыс орны орнатылатыны туралы мәлімдеді. Бұл мобильді қосымшаның көмегімен жол-патрульдік полиция қызметкері планшет арқылы көлік және жүргізушінің барлық дерегіне қол жеткізе алады. Бірнеше рет жол жүру ережесін бұзған жағдайда полиция қызметкері «Қауіпті жүргізуші» статусын 5 минутта анықтап және дереу тұзаққа түсіре алады. Жобалық құжаттар бүгінде саралануда. Бақылау күшейген сайын, заң бұзушылық пен көлік оқиғаларына тосқауыл қойылатыны анық. Бұл жоба осы бір маңызды факторды негізге алады.

– Облыстық полиция департаменті «Сергек» жобасына сәйкес бейнебақылау камераларын орнату бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімінің заңды құжаттары рәсімделгенге дейін оны пилоттық жоба ретінде екіжақты меморандум арқылы осы жылдың 1 тамызына дейін толық іске қосуы керек.

Сонымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік конкурсының жұмыстарын да 1 тамызға дейін аяқтау міндеттеледі. Барлық аудандағы кіші жедел басқару орталықтарын жөндеуден өткізу және заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтап, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын.

Жасыратыны жоқ, көпшілік арасында «бейнебақылау камерасын көбейту айыппұл салып, қаржы жинауды көздейді» деген біржақты қате түсінік бар. Алайда біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі аса маңызды,– деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Камера орнату 2017 жылдан бастап қолға алынды. Бұл жүйені пайдалану һәм оның техникалық қызмет көрсету жұмысын отандық «Көркем Телеком» ЖШС қызметкерлері атқарады. Бүгінде Жедел басқару орталығына қарасты 272 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Одан бөлек 20 «Аркан» стационарлық жылдамдық өлшегіші, 5 интеллектуалды қиылыс орнатылған.

Әл-ауқаты нашар халық айлық табысын бала-шағасына жеткізуге қауқары жетпей жатқанда, тосыннан келген шығыннан зығырданы қайнап біткен. Осы тұста олар «Сергек» камерасы көлік жүргізушілеріне айыппұл салып, мемлекеттің қазынасын байытқаннан өзге тірлігі жоқ деп күйінеді.

Расында жағдай солай ма? Мысалы еліміздің мегаполис қалалары, нақтырақ айтсақ, қозғалыстың қайнар көзі – Алматы қаласында «Сергек» бақылау камералары 2023 жылы 1 847 765 заңбұзушылық тіркеген. Оның құны – 12 миллиард 878 миллион 922 мың теңге деп есептелінген. Қазақстанда 17 облыс, 90 қала бар. Ал енді есептей беріңіз, жоғарыда атаған баға және ел көлемінде орнатылған 34 мың бейнебақылау камерасының арқасында жүргізушілер мемлекетке жылына қанша теңге айыппұл өндіріп беруі мүмкін?

Жылдамдық шегін 60 км/сағ және одан асырған жүргізушіге 40 АЕК (2024 жылы 147 680 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұл қазіргі заңнама бойынша. Ал екінші рет қайталанатын болса, 60 АЕК-ге дейін ұлғаяды деген ұсыныс Мәжілісте талқыға салынған болатын.

Көпшілік жолдардың жағдайы мәз емес кезде қалай бейнебақылау орнатуға қаражат бөледі деп наразылығын танытып та жатады. Халықтың пікірі орынды-ақ, әйтсе де оны естуші құлақ бар ма? Жөнделмеген шұрық-тесік, қақпағы ашық қалған люк кесірінен жылына бірнеше жол апаты орын алады. Ал тұрмысы бір қалыпты, кез келген айыппұлды төлеуге қауқары бар «байлар» ше?

Олар елден ерекшеленіп, заң бұзып, артынан айыппұлын өтеп, кейіннен «айыппұл өтей саламын» деп, қайта-қайта жазадан сытылып кете бермек пе? Бұл сауалдың да уақыт еншісінде жауапсыз қала беретіндігі қамықтырады.

Қош, қауіпсіздіктің қамын күйттеген қызметкер мен мемлекетті жазғыра берудің де реті жоқ. Не десек те, тәртіпбұзушылыққа да тұсау болмай тұр. Өткен жылы 15 мыңнан астам жол көлік оқиғасы болып, одан 22 мыңнан астам адам зардап шекті, ал 3 мыңнан астам адам өмірмен қош айтысты.

– Талдау көрсеткендей, көлік оқиғаларының басты себебі жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, автокөлікті мас күйде басқару. Полиция департаментімен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында оңды шаралар қолға алынып отыр.

Жолда жүру ережесін бұзудың 47 мыңнан аса дерегі анықталса, оның 20 958-і жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Жүргізушілер арасында көлік құралын масаң күйде басқару дерегі әлі күнге дейін азаймауда. Есепті мерзімде 150 азаматтың мас күйінде көлік жүргізгені анықталып, тиісті шаралар қабылданды, – деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Нұғманұлы халық алдында берген есебінде.

Мұның бәрі заңға бағынбау мен жол ережелерін сақтамағандықтан орын алған жайт. Мемлекеттің де, қауіпсіздік органдарының да қалайтыны жолдағы ережені сақтау. Камераларды орнату, олардың санының көбеюі де осыған байланысты. Дегенмен бейнебақылау камералары мінсіз қызмет атқарады деу қиын. Себебі, қалада қанша камера орнатылғанымен, жол көлік апаты бола қалса, «өз арамызда шешейік» деушілер көп. Сондағы айтатын себеп: «айыппұлды өтеу – екі көлікті жөндетуден де қымбат». Ал осы тұста бақылау камераларының атқаратын қызметі қайда қалды? Көрер көзге заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойылмай ма? Жауапсыз қалған сұрақтар қатарына тағы бір сауал. Сондай-ақ камера орнатылғаннан соң, 1-2 айдан кейін барып бейнебақылау камерасының орнатылғанын ескертетін жол белгісі қондырылады екен. Бұл да жүргізушілерді әуре-сарсаңға салып, айыппұл арқалатады.

Не десек те, озық технология титтей де болсын қасіретке толы қайғының орын алмауына, азайюына септігін тигізеді деген үмітпен орнатылуда. Әрине, мұны естір құлақ, ұғынар түйсік болса.

 

Нұршат НЫШАНОВА

Фото:speedcam.online

Тағы да оқыңыз: