Kyzylorda-news.kz Елімізде есірткі қылмысының алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Қарасора-2026» арнайы жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Іс-шара 1 маусым мен 31 қазан аралығына жоспарланған. Мақсат – құқықбұзушылықтардың алдын алу, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру және дайындау деректерінің жолын кесу.
– Іс-шара басталғалы облыс көлемінде барлығы 9 құқықбұзушылыққа тосқауыл қойылды. Оның 8-і – есірткі өсіру, 1-і – есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылық. Есірткі өсіру деректерінің 3-і далалық аумақтарда, 5-і тұрғын үйлердің ауласында анықталды. Заңсыз өсірілген, құрамында есірткі заты бар өсімдіктер тәркіленді. Заңсыз есірткі өсірумен айналысқан 5 адам құрықталып, оларға қатысты заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.
Сонымен қатар әскери тікұшақтың көмегімен 3 рет әуеден бақылау жүргізіліп, Абай және Бірқазан ауылдарының маңында есірткі өсірудің 2 дерегі тіркелді.
«Қарасора-2026» операциясы аясында синтетикалық есірткі өндіру фактілерін анықтау, есірткі сақтау орындарын табу және заңсыз айналымға қарсы кешенді шаралар қабылданатынын бұрын жазғанбыз.
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті
