Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» пен «Құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқықтық түсіндіру» мобильді тобы тұрғындарға құқықтық кеңес берді. 

Оннан астам түрлі сала мамандарынан құралған мобильді топ өкілдері Қызылорда қаласының Қызылөзек және Талсуат ауылдық округі тұрғындарын қабылдап, көкейлерінде жүрген сауалдарына заң аясында жауап берді.

Мобильді топтың құрамына заңгерлер, мемлекеттік кіріс, әділет, денсаулық сақтау, білім салаларының мамандары мен адвокаттар, волонтерлер сондай-ақ, басқада сала өкілдері қосылды. Тұрғындардың негізгі мәселелері жұмысқа орналасу, жергілікті жолдардың жай-күйі, өңірдегі газ тарату мәселесі, елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, отбасылық-тұрмыстық қатынастар, мемлекеттен несие, жеңілдіктер мен субсидиялар алу және азаматтық-құқықтық мәселелерге қатысты болды.

Мамандар 50-ге жуық ауыл тұрғындарының жеке мәселелері мен дауларына қатысты кеңестерін беріп, тиісті көмектерін көрсетті. Сонымен қатар, қабылдау барысында азаматтардың жүгінген мәселелері ҚР СЖҚІА Қызылорда облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының бақылауына алынды.

Мобильді топ алдағы уақытта облыстың барлық аудандары мен шалғайдағы елді мекендерін аралауды жоспарлауда. Шара барысында тұрғындардан «құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқықтық түсіндіру» жұмыстарына байланысты сауалнама алынды.

Тағы да оқыңыз: