Kyzylorda-news.kz. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де Болат Өтемұратов қорының қолдауымен «Асыл Мирас» ресурстық орталығының тренерлері Алматы қаласынан арнайы келіп, Қызылорда облысының мектеп, колледж, балабақша дефектологтары, логопедтер мен ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, студенттерге семинар өткізді.
«АСБ: себептері, белгілері, сипаттамалары. Диагностика мен интервенциялық тиімді әдістері» атты семинарда орталықтың тренер-оқытушылары Ю.Чувашев, А.Цой, Ж.Умбетова 120-дан астам қатысушыға аутизм диагнозы бар балалармен жұмыс жөнінде мол мағлұмат берді.
«Балалар жылы» аясында жыл басынан бері еліміздің барлық аймағында балалар игілігіне арналған түрлі шаралар өтуде. Біздің облыс көлемінде де жүйелі жұмыстар мен тындырымды тірліктер өз нәтижесін беріп келеді. Осы мақсатта өткізілген семинар аутизм диагнозымен күресетін баламен жұмыс жасайтын маман мен ата-ана үшін жаңа білім мен тәжірибе алаңы болды.
Аз ғана уақыт бұрын елімізде аутизм мәселесін қабылдауға құлықты емес еді. Аутизммен күресу айтарлықтай нәтиже бермейді деп есептелетін. Бала бойындағы мұндай ерекшелікті жеңуге болатыны соңғы уақытта жаппай дәлелденіп келеді. Мұндай науқаспен туылған балалар да, олардың ата-аналары да күн сайын, сәт сайын мұның мүмкін екендігін дәлелдеуге көшті. Ең бастысы, дүние есігін ашқан кішкентай адам қандай сынақпен туылса да, іштен шыққан сәбиіңді сүйіп, оның өз қатарына қосылуы үшін қажырлы түрде күрескенде оң нәтиже беретіні белгілі бола бастады. Өз кезегінде сала мамандарынан да күтілетіні осы. Ата-аналарға бағыт-бағдар беріп, баламен күнделікті жұмыс жасауды үйрету – дертпен күрестегі ең бірінші мәселе.
Аутизммен емделу жолында басты кедергі – мамандар тапшылығы мен оңалту орталықтарының жетіспеушілігі. Сол үшін бүгінгі семинардың маңыздылығы өте жоғары. Семинар аясында тәжірибелі тренерлер ата-аналарға жеке қабылдау өткізіп, толыққанды кеңестер берді. Қатысушы мамандар мен ата-аналар тренерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Семинар соңында тренерлер Жастар ресурстық орталығының арнайы алғыс хатымен марапатталып, ата-аналар өз ризашылықтарын білдірді. Бір күнге созылған танымдық шара алдағы уақытта ерекше баламен жұмыс жасайтын барлық мамандар мен ата-аналардың кәдесіне жарайды деп сенеміз.


