Kyzylorda-news.kz.Қызылорда облысында асфальт-бетон шығаратын 11 зауыт белгіленген талаптарға сай болмай шықты. Бұл деректер сала мамандарының зерделеуі барысында анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыста асфальт-бетон шығаратын 24 зауыт бар.
Бұл бағытта «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалының мамандары ішінара зерделеу жұмысын жүргізді.
Тексеру барысында 11 кәсіпорынның жұмысы белгіленген талаптарға сай болмай шықты.
Көп жағдайда асфальт-бетон әзірлеу технологиясы нормативтік стандартқа сәйкес емес екені анықталды.
Арнайы қондырғыларда сертификат болмауы, құрылыс материалдарының сапасын қадағаламау секілді бірқатар өрескел олқылықтарға жол берілген.
«Тексеру барысында кейбір зауыттарда қарапайым талаптың өзі сақталмағаны нақтыланды. Соның салдарынан аталған кәсіпорындардан шығатын асфальт жабындылары сапалы болмайды деуге негіз бар. Ал ол аймақ жолдарына төселетінін ескеруіміз керек. Сондықтан жергілікті әкімдікке олқылық анықталған асфальт-бетон зауыттары бойынша ұсыныс берілді», — дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалының директоры Ерболат Көштаев.
Фото: «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалы