Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Арбамен марафон» атты облыстық жарыс өтті.
Спорттық жарыс мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуден бөлек оларды түрлі шараларға қатыстырып, қоғамдық ортаға бейімдеу, белсенділіктерін арттыру, спорттық, мәдени, қоғамдық іс-шараларға қатыстыру мақсатын көздейді.
«Марафон - бұл ең ауыр спорт түрі, тіпті дені сау адамдар да марафон қашықтығына төтеп бере бермейді. Ал, дөңгелектерді қолдарымен айналдыра алатын тек мықтылар ғана. Ең бастысы-өзінді жеңу арқылы ғана мүгедектіктің жоқ екенін дәлелдеу.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады. Бүгінгі марафон Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» ҚБ ұйымдастырумен өтті», дейді Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Сағатбек Сиюов.
Марафон қашықтығы 100 метр. Оған облыс бойынша 30-дан аса арбамен қозғалатын мүгедектігі бар адамдар қатысты. Қатысушылар 4 категория бойынша жарысты.
1. Балалар 5-12 жас
2.Жасөспірім 13-18 жас
3.Ерлер 18 жастан жоғары
4. Әйелдер 18 жастан жоғары
Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Ал қалған қатысушыларға алғыс хат пен ынталаңдыру сыйлықтары табысталды.
«Мен мұндай жарысқа екінші рет қатысып отырмын және жүлделі орынға ие болғаныма өте қуаныштымын. Өткен жылы мен жеңе алмадым, бірақ мен бұған ренжіген жоқпын. Керісінше, бұл жарыс маған алға мақсат қою, табандылық сияқты жеке қасиеттерді дамытуға көмектесті. Ұйымдастырушыларға, атап айтқанда Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Сиюов Сағатбек Қуанышбекұлына мені назардан тыс қалдырмай шақырғаны үшін ерекше рахметімді айтамын. Және де алдағы уақытта да осындай жарыстар болғанын қалаймын»-дейді марафонға қатысушы Балнұр Жайшылық.
