Kyzylorda-news.kz Қызылордада «AMANAT» партиясы облыстық филиалының бастамасымен «AMANAT IDEATHON» хакатоны өтуде. «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында әлеуметтік маңызы бар инновациялық идеяларға арналған іс-шара Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен «Kyzylorda Hub» және «Shik» жарнамалық агенттігінің демеушілігімен жүзеге асырылуда.

Жобаның басты мақсаты – мектеп оқушылары мен студенттердің қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларын қолдау, олардың идеяларын нақты жобаларға айналдыруға жағдай жасау және жас буынның инновациялық әлеуетін дамыту.

Хакатонның ашылу салтанатында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай мұндай бастамалардың өңір жастары үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа идеяларды қолдау – өңірдің зияткерлік әлеуетін арттырып, цифрлық трансформация үдерісін жеделдетуге ықпал етеді.

Қатысушылар 5 бағыт бойынша жобаларын ұсынуда. Атап айтқанда, «PropTech & CityTech» бағыты тұрғын үй басқару жүйесінің ашықтығын арттыру мен «ақылды» қалалық шешімдерді енгізуге арналса, «MedTech» бағыты цифрлық денсаулық сақтау саласындағы инновациялық сервистерді дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, «LegalTech» бағыты құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыруға және бюрократиялық кедергілерді азайтуға басымдық берсе, «EdTech» инклюзивті білім беру мен цифрлық кәсіптік бағдарлау платформаларын әзірлеуге бағытталған. Ал «Community Tech» бағыты әлеуметтік қолдауды күшейтіп, еріктілер мен көмекке мұқтаж азаматтарды байланыстыратын цифрлық шешімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.

Байқауға Астана қаласы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарынан, сондай-ақ Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан 100-ге жуық жоба ұсынылып, 200-ге тарта азамат қатысуда. 

Хакатонға қатысушы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбек өңірлік университетінің 4 курс студенті Талап Ермұхан ақ қан ауруымен ауыратын яғни, лейкоз ауруын скринг кезінде ерте анықтайтын дәрігерлерге көмекші болуға тұрарлық жоба әкелген. Оның айтуынша онкологиялық аурулар өңірде үлкен әлеуметтік мәселе. Байқауға әкелген стартап жоба осы мәселені шешудің бірден бір жолы, әрі медицина тарапынан үлкен сұранысқа ие.

Атап өтейік, іріктеуден өткен жобалар сарапшылар алдында қорғалып, үздік деп танылған қатысушыға 1 000 000 теңге көлемінде сыйақы табысталады. Егер жоба қатысушысы мектеп оқушысы немесе колледж түлегі болса, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранттары ұсынылады.

Аманат стартап жоба.jpg

Тағы да оқыңыз: